Біздің эстарадада бәрі бар. Биігі де, төмені де. Олардың әрқайсысы-ақ «шоу бизнес» пен «той бизнеске» қанық.
МузАРТ – кешегінің жұлдыздары. Негізгі көрермені – барша қазақ. Олай дейтініміз, олар айтатын әрбір ән халық жадында сақталған да, ал жаңашыл жастар көбіне өзгені тыңдайды. «Иә, иә» білеміз дейді де қояды ирокеза өсіргендерге дейін. Бірақ музарттықтардың тақтан тайғаны бесенеден белгілі. Себебі олар айтқан әрбір ән (жаңалары болса да А.Қ.) бірізді, қалыпты, қарапайым. Өзгедей бір жарнамалық қадам жасамайды, немесе түрлі шоуларда былғанып жүрген жоқ. Күні кеше «Наша правда» ток-шоуында қазақтың «мен!» деген әншілерінің басы болып «Ринго» тобы келіпті. Айтқандары қазақстандық «шоу-биз». Танылу жолында «тар жол тайғақ кешіп» жүргендерге тәрбие бере ме дедік, әдіс-амалын көрсете ме дедік. Дедік те қойдық. Сонда «Орда», «Музарт», «Меломен», «Арнау» жеке әншілерден әрбір әнін әлдекімдердей «жыламай айтатын әнші» Айқын Төлепберген, күз-қысыңызға қарамай бейнебаян жаздырып еңбектенген Алмас Кішкенбаевтар қайда? Қазақстандық шоу-бизнестің қадери-қалын олар неге айтпайды? Бір ғана бағдарламада емес, жалпы БАҚ-та бұл өнерпаздар жоқ қой?!
Меломен – студент жастар тыңдайтын топ. Қалай десеңіз де, олардың негізгі аудиториясы жастар екені мәлім. Топ мүшелерінің әрқайсысы да сахнаға шығуға ең бір лайық әншілер. Бірақ осы барша қазақ әншілерінің басты проблемасы саналатын ән таңдау мәселесі осы топты да айналып өте алмады. Қырғыз әнін көшіру, корей әнін өзгертусіз, қалай болса солай сөзін келтіре салып сахнаға асығуды қашан қояды екенбіз?
Қайрат Нұртас – көбіне 1 және 2 курс студенттері тыңдауға әуес. Өкіну, мұңға бату, айырылысу секілді «әттең-айлаған» әндер бұл әншінің 80 пайыз әнін алып отырған шығар? Кім біліпті? Қайратты көре қалсақ жаңа бір дүние күтеміз. Күте-күте күрең ойлардың ішінде адасып қалмаңыз. Эстрада – жылауық әндерге онсыз да толы! Орынды-орынсыз айтылған әндерді санамалап, мін іздеуден аулақпыз, тек Haddaway-ді ат терлетіп шақырғандағысы сол караокеге ұқсас бірдеңе шыққанына ешкім де назар салмай әркім өз ішінен кешіре салды ма екен? Кім біліпті. Үндінің атақты әні ше? Тіпті дайын тұрған дүниені алуда рұқсат алды ма екен? Бұл жағы да белгісіз. Айтпақшы, жақында Қайрат Нұртас атты журнал шығыпты...
Байқадыңыз ба? Дәстүр мен жаңашылдық деген сөз тек тақырыпта тұр. Мәтінге қатысты емес!