Біздің елдің концерттері

Бала күнімнен концерттік кештерге көп барамын. Әншілердің есеп беру, шығармашылық кештері, белгілі бір күнге, шараға ұйымдастырылатын концерттердің барлығына мені қызықтырады. Алайда, менің барғым келмейді. Себебі, олардың барлығы бір сарынды болады. Шетел жұлдыздарының концерттерін әлемдік телеарналар мен ғаламтордан көргенде еліміздегі концерттерге қарап, қаным қараяды. Бізде шоу жоқ, бізде ізденіс жоқ, бізде жаңа дүниеге ұмтылыс жоқ. Әрине, бұл менің ойым. Оған біреу келісер, біреу келіспес.

Жазбамды «Біздің елдің концерттері» деп бекерден бекер атаған жоқпын. Біздің елдің концерттері жайлы сөз қозғағым келеді. Тоқсан әншіні жинап алатын «солянка» концерттерден миым баяғыда ашыған. Үздіксіз фанера қосылу тұрады. Барлығы кезекпен айтып шығады. Бітті. Концер аяқталды. Сау болыңыздар!

Әншілердің жеке шығармашылық кештері мен есеп беру концерттері туралы кеңінен тоқталғым келіп тұр.

1-кезең. Хабарландыру

Ұйымдастырушылар хабарландыру қағазын ілгенде алдыларына жан салмайды. Әншінің боянып-сыланып түскен суретін қойып, дәу әріптермен кеш туралы ақпаратты жазып қояды. Хабарландыруда, міндетті түрде, «Келіңіздер, көріңіздер!» деп жазады. Бұл сөз сан мың рет радио мен ТД-дан қайталанады.Содан кейін «кеш қонақтары» деп әншілердің тізімін жазып қояды. Сонда оның несі жеке концерт, несі есеп беру?!

2-кезең. Концерт басталмай тұрып...

Концерт өз уақытында басталса, Алатауда қар көшкіні болады. 18-00де дейтін концерт 18-30да басталады. Біз барлығын күтеміз, сосын барып бастаймыз. Концерт басталуын күткен халық іші пыса бастап, шыдамсыздық танытып, жан-жағына қарай бастайды. Осы кезде, міндетті түрде, досын, группаласын, класстасын, құдасын, келінінің төркінін, біреудің бірдеңесін көріп қояды. Өсек басталады. Ол концерт басталды-ау дегенде «Жарайды, антракта жалғастырамыз» деумен бітеді. Кей кезде «Сендердің жандарыңда ешкім жоқ па? Мен отыра салайын, ешкім келмейді бәрібірде»  делінеді.

3-кезең. Концерт басталды. Бірінші бөлім

Фанфары. Шымылдық ашылып, сахнаға қызыл, жасыл, көк түсті жарық түседі. Ортаға екі жүргізуші шығады. Ер-азамат жылтыр костюм киіп алған. Шашқа өлгенше гель жаққан. Жанындағы серігі әйел азаматының үстінде апамның пердесінен тігілген ұзын көйлек. Соңғы күн өмір сүретіндей мэйк-ап жасаған. Шашты қатырған. Екеуі шығып, былай дейді:

Ер-азамат: «Армысың, әлеумет?! Бүгінгі кешке қош келіпсіздер»

Әр жерден шыққан өтірік-шапалақ

Әйел-азамат: «Халқының аяулы қызы я ұлы Бәленбай Бәленнің «Пәленше де пәленше» концерті бастауға рұқсат етіңіздер»

Өтірік шапалақ.

Сосын мақтау кетеді:

«Халқының аяулы қызы я ұлы Бәленбай Бәлен осындай да осындай» деп бүкіл жеті атасынан бастап, барлығын айтып шығады. Соңында

«Олай болса, әлеумет, Бәленбай Бәлен қызыңды я ұлыңды қарсы ал» деп кеш иесін шақырады.

Жүргізушілер орнынан қозғалып үлгерместен, фанера қосылып, Бәленбай Бәлен деген әншіміз жер жыртуға шыққандай сахнаға атып шығады. Сосын фанерамен бір ән айтып береді. Ән біткен соң, иіледі, халық шапалақ соғады, ол болса, ынтыға былай дейді:

«Қайырлы кеш, құрметті өнерсүйер қауым! Алтын уақыттарыңызды қиып, менің концертіме келгендеріңізге үлкен рахмет! (Осы жерде тағы бір иіледі). Келесі әнімді мен өздеріңізге арнаймын»

Осы сөзді айту мұң екен, екінші әннің фанерасы қосыла кетеді. Ән басталады, сахнаға өлгенше боянған жылтыр көйлек киген бишілер шығады. Сосын фанера бітеді, әнші бишілермен бірге иіліп, «Пәленше ансабмлі» деп өзі жариялайды. Гұл алу процесі басталады.

Осы ретпен тағы 1-2 ән айтылады да, әнші «Ал енді мені сыйлап, осы кешке арнайы келіп отырған Пәлен де Пәлен деген ағамды/әпкемді шақырамын» деп ортаға аты аталған кісіні шақырады. Өз кезегінде ол тойдан құр қалғандай қолына бір гүлін алып, сахнаға шығады да: «Ал енді осы Бәленбай да Бәлен деген қызымыз я ұлымыз концертін ұйымдастырып отыр екен, кешің құтты болсын! Өнерің өрге жүзсін! Мен концертіңе сый болсын деген ниетпен әнімді әкеліп отырмын» деп бір ән емес-ау, «жұп болсын» деп, кем дегенде, екі ән айтады. Сосын сахнаға жаңағы кеш иесі киімін ауыстырып шығады да, ән айтқан ағасына/әпкесіне алғысын жаудырады. Осы жерде «шапанизация» процесі басталады. Концерт біткенше өнердегі бірталай аға-әпкелер сахнаға шығады. Бұл кісілердің есімдері хабарландыруда жазылған.

Кеш жалғасады. Бәленбай Бәлен әншіміз екі ән айтқан соң, былай дейді:

«Осы кешті ұйымдастыруға көмек беріп, маған қамқор болған Пәленше деген ағам отыр. Пәлен аға, орныңыздан тұрып қойыңызшы. Келесі әнімді осы ағама арнаймын»

Фанера қосылады. Ән айтылады. Өтірік шапалақ кетеді. Айтпақшы, концерт біткенше демеуші «Бәке, Сәке» деген ағалар орындарынан тұрады.

4-кезең. Антракт

Көрермендер өз әңгімелерін жалғастырады. Фотоға түседі. Ауқаттанады. Сыртқа шығып келеді. Көрермен залынан танымал біреуді көрсе, міндетті түрде, соның жанына барады, автограф алады, фотоға түседі. Орнынан қозғалуға ерінгендер барлығына сырттай бақылап, іштей өсектеп отырады.

5-кезең. Екінші бөлім

Бишілермен бірге киімін ауыстырған әнші шығады. Баяғы фанера. Ол бітеді, халық қол соғады. Гүл кетеді. Екі әннен соң, тағы бір өнердегі әпкесі/ағасы шығады. Сосын өзі шығады. Бір кезде «Келесі әнімді мені өсірген ата-анама арнаймын, орындарыңыздан тұрып қойыңыздар, менің әке-шешем осындай да осындай» деген сөздер айтылады.

Фанера қосылады. Ән айтылады. Өтірік шапалақ кетеді. Иілу, гүл алу процесі жалғасады.

Кеш соңында киімдерін ауыстырған екі жүргізуші шығады.

Ер-азамат: «Осымен Бәленбай Бәленнің «Пәленше де пәленше» атты концерті аяқталды»

Әйел-азамат: «Назарларыңызға рахмет! Қош, сау болыңыздар!»

Осы сөздерді айтып жатқанда халық орнына тұрып кетеді. Солай, концерт бітеді.

Мен мұндай концерттерден шаршадым. Сол үшін де барғым келмейді. Бізге үлкен шоу керек. Бір сценариймен өтетін концерттер адам баласын жалықтырады. Көрермен жаңа дүниені көргісі келеді. Ол концертке демалу үшін барады. Ол фанерадан рухани азық ала алмайды. Фанераны өзі-ақ үйінде тыңдай алады. Ол концертке «шапанизация» процесін, әншінің Бәкеғ Сәкесін көру үшін бармайды. Көрермен ән тыңдауға, сүйікті әншісінің өнеріне тәнті болуға барады. 



Бөлісу: