Біздің ауылдың жазғы кеші

Біздің ауылдың жазғы кеші
жеке
блог

Сәл ертерек намазшам уақыттан,

Құба белден табынды құлатып, паң.

Есек мінген Байнияз қартпен бірге,

Өрістен мал қайтады, шұбатып шаң.

 

Отырған әрбір үйдің сауын ішіп,

Келінінің тезек теру тәуір ісі.

Кеш түссе Түркістанның базарындай,

Азан-қазан болады ауыл іші.

 

Әңгіме айдарынан жел естіріп,

(Бұл да ерсі көрінер емес қылық)

Малын күткен көршілер жап басында,

Қауқылдасып отырар,кеңес құрып.

 

Өзара бар балалар,бәйге жүлдеп,

Жарысады көшеде тай дүбірлеп.

Қою шаң арасынан айқай шығар,

«Бұзау емді,қайдасың,әй жүгірмек?»

 

Ұстанатын ауылдың салтын жырақ,

Кеше келген сабағын қортындылап.

Көрші қарттың қалалық немересі,

Қойларынан қашады қорқып, жылап.

 

Сатылмай қалған,болып түрлі себеп,

Сынық мүйіз сиырдың тумысы ерек.

«Қарасан келгір!»-деп қарғап сауғанда апам,

Көл-көсір боп толады сырлы шелек.

 

Екі көзі жемінде,құлқын кетіп,

Қара бұзау әл бермей,жұлқып, жетіп...

Көрші үйлерден естілер еміс-еміс,

Қара күбі піскені күрпілдетіп.

 

Жылда жазда сүтсіз қап,қаны қатқан,

-Көзіңді құртам ертең,Тәңір атқан!

Деп,- сыбап Ажар апам айдап барад,

Қысыр қалған қашарын шаңлақтан.

 

Қызығына елітіп жатса да ауыл,

Еңсе басып, түн келер тастан ауыр.

Кернейінен аспанға жалын шапшып,

Әр аулада тұрады ақ самауыр.

 

Бетіңді ошақтағы тістеп жалын,

Жатады жалмайтындай күшпен бәрін.

Сары майға бөктіріп береді апам,

Сексеуілдің шоғына піскен нанын.

 

...Тірлігі кешкі ауылдың тынғанында,

Тербелер тыныштықтың құндағында.

Тезектен түтіндік сап,сәкі үстінде,

Отырады ел,кешкі асқа түн жарымда.