Сөзден сөз шығады деген осы. Қазақтың қаламгерлері түгелдей ескішілдікті көксейтіндей болып көріне ме деген сауалдан-ақ әрмен қарай жалғаса берер флудтың санына жетпей қаласыз.
Айтқым келгені – әдебиетшілердің өмір сүру дәстүрі дейміз бе, әйтеуір өзі де, суреті де, жазбасы да ескі болып көрінеді. Жазатыны кеңес одағы, партбилет, колхос-совхоз, трамвай, аты өшіп кеткен Гурьев (қазіргі Атырау), қайдағы-жайдағы бір топонимдер...
Суретке келейік...
Әзіл-сықақ, хикаят, әңгіме, сындар жазып жүрген Ғаббас Қабышұлы ақсақалдың уикипедиядағы суретін көрсеңіз ХХ ғасыр еске түседі. Иә, бұл кісінің өмір сүрген уақыты сол заман. Ақсақал жазушыны айтқым келіп отырған жоқ, бірақ кейінгі, жас әдебиетшілерге дейін неге ақ-қара суретін салуды қалайды екен?
Бір қызық жағдай болған. Бір мүйізі қарағайдай қаламгеріміз бірде газетке өзінің отыздағы суретін жіберіпті. «Аға, сапалы, түрлі түсті суретіңіз бар, соны салайық» деген сұрауымызға ол кісі жақтырмай «Ол суретті салсаңдар тіпті салмай-ақ қойыңдар! Сұхбат бермеймін!» дей салды.
Жазуға келейік...
Кім-кімнің шығармасын алсаңыз да жоғарыда аталып өткен тақырыптар мен мотивтерге куә боласыз: Комсомол, обком, ұжымдастыру, тың, соғыс... Жақсы ғой, өткенімізді жазу, жаза білу де өнер. Әркінің бір қолынан келмейді. Мұны жазып жүргендердің жаңашыл тілі де бар. Осымен мәселе шешіле салады. Бірақ ше... тәуелсіздіктен кейін «б.ққа шапты» дүниені қаузап не керегі бар? Тарихи шығарма болса әңгіме басқа. Тіпті бүгінгі заманды өткен заманның тілімен жазу ше? Бұл бізге қайдан келген үрдіс? Жазушылар заман талабымен келген интернационал сөздерді неге қолдануға қорқады? Түсінбейтінім осы...
Әрқайсыңның пікіріңді құрметтеуім керек. Ал менің ойым осы. Біздің әдебиет кешегі әдебиет емес қой!..