“Бізде көше спортымен айналысатын қазақ балалары аз”
блог
* Аты-жөнім Хамит Асылбек. 1998 жылы 5 ақпанда Арыс қаласында дүниеге келдім. Шымкенттегі №2 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің 11-сыныбында оқимын. Көше спортымен айналысқаныма 4 жылдан асты.
* Ең алғаш белтемірге (турник) тартылудан бастадым. Кейіннен интернеттен видеолар көріп, трюктерді қайталауға тырыстым.
* Қазір белтемірге 40 рет тартылып, жүзге дейін серпіле аламын.
* Одан алдын дзюдо, каратэмен айналысқанмын.
* Ата-анам мені спорттан емес, білімнің биігінен көргісі келеді.
* Дзюдо, каратэден бұл спорт түріне кетуіме сабақ оқуға уақыттың болмауы себеп болды. Ал бұл спортпен бос уақытта айналысасың. Сосын тек тренажерлық залда емес, үйіңде, мектепте, спорт алаңдарында жаттығу жасай беруге болады.
* Бұл спорттың басқа спортқа қарағанда қиындығы бұған тек қолдың күші ғана емес, бүкіл дененің күші қажет. Бір күнде меңгеріп кете алмайсың. Айлап, жылдап тер төгіледі. Трюктарға мән беріледі.
* Күніне 1,5-2 сағаттан екі мезгіл жаттығу жасаймын.
* Бұл спорт өте қауіпті. Әсіресе акробат жағынан дайындалған кезде қол-аяғың ауырып қалады.
* Әлеуметтік желілердегі парақшаларымда сурет, видеоларды жиі жариялап тұрамын. Кеңес сұрайтындар, кездесіп тәжірибе алмасқысы келетіндер көп. Мүмкіндігінше жүздесіп, білгеніммен бөлісуге тырысамын. Сондай-ақ, ауыл-ауылдарға барып насихаттаймыз.
*XIII LEGION командасы 2011 жылы Шымкентте ашылған. Ұйымдастырушы: Александр Водолацкий. Сол кісінің арқасында біз осындай жетістікке жетіп жүрміз.
* Өкінішке қарай бұл спортпен айналысатын қазақ балалары аз. Біздегілердің көбісі бокс, күреске барады ғой.
* Басында мектепте өзім ғана жасайтынмын. Кейін басқа балалар да қызығып, қосыла бастады. Қазір санымыз көбейді. Бірге дайындаламыз.
* Болашақта әскери саланы немесе медицина мамандығын таңдағым келеді.
* Алаңсыз жаттығу жасау үшін қаламызда спорт алаңқайлары көбірек салынса деймін. Саябақтарда орнатылған тренажерлық орындарда дайындала алмаймыз. Бізге арналған белтемірлер биік, және темірі жерге мығым қадалуы керек.
* Қазақ балаларының бос жүргенін көргім келмейді. Спортпен айналысып, уақыттарын тиімді пайдаланса екен.