Бірінші сыныпты бітіріп, аяқты қысқан аяқ киім мен басыңды пысынатқан шашыңнан құтылған жаздың жалтыраған басыңа жалын қаптардай жанып тұрған ыстық бір күнінде ауыл жанындағы арыққа шомылуға бардым. Жаздың «бір» күнінде деп сөйлемнің ыңғайы үшін айтып отырмын ғой. Әйтпесе, бұл арық ауыл балаларының жеке кабинетіндей-тін. Іздеген адам осы кабинетімізге келер еді. Бізді іздейтіндер арық басына әртүрлі себептермен ағылады. Бірі баласына «шәй іш» немесе «үйге қайт, ұйықтайтын уақыт болды» деп, екіншілері «әй жүгермек, қораны неге тазаламағансың?» немесе «малға не үшін су бермегенсің?» деп айқаймен келіп алаңсыз жүрген баласын алдына салып айдап отыратын. Құдайдың құтты күні бір бала бақырып арық басынан жылап қайтар еді. Өзіңе келе жатқан адамның көңіл күйін алыстан аңғарасың. Егер жүрісі жайлы болса асықпайсың. Біраз еркелеп суға армансыз сүңгуге уақыт бар. Егер сені іздеген адамның жүрісі жылдам, табанымен жер тесердей, өкшесін қадап келе жатса, арық жанындағы киімдеріңді қолыңа ұстаған күйі сені іздеген адамнан бұрын жалаңаш денең жалт-жұлт етіп, жалаң аяқ үйге зытасың. Ойынның қызығына әбден берілген күндері сені іздеп келе жатқан адамды байқамай қалатын кездерің болады. Суда қап-қара балықтай болып бұлтың-бұлтың бұрала шапшып жүргеніңде арқаңнан айқаймен қоса шарт еткен дыбысты естисің де, сол дыбыстан кейін арқаңның аши бастағанын сезінесің. Артыңа бұрылмаған күйі арықтан атыла шығып, арқыраған асаудай айдап отырасың. Алғашқы күндері табаныңа тастардың батары сөзсіз. Бірақ бір аптадан кейін табаның түйенің табанындай болып табаның тастарға батар еді. Жаз бойы осылай жалаң аяқ жүріп күз шыға сабаққа барарда аяқкиімді жатырқайтын біз, күздің кейбір ыстық күндерінің өзінде мектепке аяқ киімімізді қолмызға ұстап баратын едік. Әр қоңырау сайын балалар бас қосып алып мектептегі кабинетімізде жаздағы кабинетімізді аңсаймыз. Біздің әңгімемізді тыңдап тұрған, біздің сағынышымызды сезінетіндей кейіп танытқан кейбір мұғалімдер бізге қарап: «Немене аквариюмдеріңді сағындыңдар ма?» дер еді. Бізді де түсінетін бір жан бар екен-ау үлкендер арасында деп, қуаныштан «иә» дейтінбіз хорменен. Ал сол кісіміз сабаққа кіргенде «Жаздай арықтың суында шортандай шоршығанша бір нәрсе оқымадыңдар ма?» деп айқайлағанда бала көңіл қайта суынатын. Үлкендер біздің жандүниемізді түсінбейтіндей, біздің ойымызбен санаспайтындай еді.
Бір қызығы, әлі де солай сияқты...