Біз ұмытпайық, ұрпақ ұмытпасын (эстафета)

Біз ұмытпайық, ұрпақ ұмытпасын (эстафета)
жеке
блог

Бәріңе сәлем!

Мәулен Анербаев «эстафета таяқшасын Ақбота Мұсабекқызына салтанатты түрде табыс етемін» дегенде көпшілігіңізде «кто это», «кто она такая» деген сауал болған шығар. Эстафетаны жалғастырмас бұрын, өзімді қысқаша таныстырсам, кезінде осы Массагетімде блог бастап, кейін гугл+ те жеке блог жазуға «еншімді» алып кеткен экс-массагеттікпін ғой.

Эстафета демекші... Ал, кеттік.                           

«Өмірдің мәні – балада» дейді білетіндер мен балалы болғандар. Балаға қатысты қандай салт-жоралғыларды ұмыт қалдырып жүрміз?

Қазан жарыс (қазан көтеру). Жуырда сіңілім шекесі торсықтай ұл баланы дүниеге әкелді. Енесі қайтыс болып кеткендіктен, үйіне анам барып, кейбір салт-жоралғыларды жасады.
Папамның келіншегінің айтуынша, бұл салт қазірде көп қолданылмай кеткенге ұқсайды. Жүкті келіншектің толғағы басталғаннан қазан көтеріп, толғақпен жарысып тамақ жасайды. Сондағы ырымы келіншектің толғағы жеңіл әрі тез өтсін деген мақсатта. Сосын қуанышқа келген жұртшылық дәмнен ауыз тиіп, қалып жатса, келіндеріне жұғысты болсын деп салып алып кетеді. 

Танабау тағу. Ақыры салттарды жаңа туылып жатқан сәбилермен бастадық қой. Ендеше жалғастырайық. Бала жақсы бір жетістікке жеткен кезде, мал сойып, көпшілікпен қуанышты бөліседі. Бұл «танабау тағу» деп аталады екен. Мұндай қуаныштың жасалғанын көзіммен көргем жоқ әлі. Болашақта көретін шығармын. Әдетте біздер «баламыз сондай болды, мұндай болды» деп кафелетіп немесе үйге дастархан жасап мақтанып жатамыз. Бірақ мал сойып, «танабау тағу» салтын жасаймыз деп арнайы айтып жүргеніміз жоқ.

Ал жылқы атауы мен қымызды қазақтан бөліп қарай алмаймыз. Осыған қатысты салт-жоралғылдарды еске түсірсек.

Айғырдың жалын майлау. Бие байлайтын уақытта қымызы мол болсын деген ырыммен айғырдың жалына немесе қазығына май жағады. Бұл туралы 1,5-2 жыл бұрын Сарыжаз ауылында қонақ болғанда естігем. Мен барған үйдің көршісі «қазіргілер айғырдың жалын майламайды, қымыз да азайды. Балаларға айтсаң, жақпайсың. Айтпасаң білмейді. Бұл жастарды қайтпек керек» деп дастархан басында кейіп отырған еді. Ауылдарыңызда бие байлайтындар болса, айғырдың жалын майлау салтын жаңғыртуға үлес қосуларыңызды сұраймын)

Қымызмұрындық пен сіргежияр.

Әлгі айғырдың жалын майлап, биеден көп қымыз алғанда, ең бірінші берген қымызынан «қымызмұрындық» салтын жасайды. Үлкендерді бір дастарханда бас қостырып, қымыздың молдығы үшін бата сұрайды. «Сіргежияр» салты керісінше, соңғы қымыз кезінде де үлкендерді жинап, келесі бие байлағанға дейін амандық үшін дәм татқызады. 

Әзірге осы. Әсерлі етіп жаза алмасам да оқығандарыңыз үшін рахмет!

Кезекті Есіл Еркесіне беремін)