Біз өмірден «үйшік» ойнап өтеміз

Иә, біз де бала болдық. Өмірдің талай белесінен өтіп қойғандар үшін әлі де баламыз. Біз бала болып ойынның соңынан көп жүрдік. Қазір қарап тұрсам, сол ойындар бүгінгі шын өмірге деген дайындық екен ғой.

Қыздар, мойындайықшы, бәріміз кішкентай кезімізде «үйшік» деген ойын ойнадық қо? Мамасы болдық, папсы болдық, қызы болдық. Мен де ойнағам. Талаааай рет! Ал қазір нағыз үйшік ойынының кейіпкерімін.

Қазіргі үйшік дәл бала кездегі «үйшіккі» ұқсайды екен. Бірақ мұнда бәрі шынайы. Кейіпкерлер де, жағдайлар да, оқиғалар да... Бұрын үйшік ойнап жатқанымызда мамамыз шақырып алса, тарасып кетуші ек қой? Қазір олай бет алды кете алмайсың. Өйткені бұл үйшіктің жауапкершілігі кешегі үйшіктен әлдеқайда мықты әрі салмақты. Бұрынғы «үйшікте» бірде қызы боламыз, бірде мамасы боламыз. Қазір де солай. Әлдебіреудің біз қызы едік, өмір сүре сүре өзіміз де әлдебіреудің мамасы боламыз.

Қызық ә? Біз сонда өмір сүру үшін бала кезден бастап дайындалады екенбіз ғой.

Менің балалық шағымда тағы да «тығылмашақ» деген ойын болды. Сіздер де бұл ойынды білесіздер. Тек оны сәл басқаша атайтын шығарсыздар.

Бір адам көзін жұмып пәленге шейін санайды, қалғандары сол арада тығылып үлгереді. Санап біткен соң әлгі бала басқа тығылғандарды іздейді. Кім бірінші не соңғы шықса сол қайта көзін жұмады.

Біз де тығылмашақтың қазір шынайы өмірде түбін түсіріп ойнаймыз ғой осы. «Мені жоқ дей салшы» деп тығыламыз, телефонымызды переадресацияға қойып тағы тығыламыз. Әйтеуір әлдебіреуден тығылып жүреміз, әлдебіреу бізді іздеп жүреді. Әрқайсысы түрлі мақсатпен. Бірі сүйіп іздейді, бірі күйіп іздейді. Бірі жалығып тығылса, бірі басқалай тығылады. Демек біз бала кездегі «тығылмашақты» әлі де ойнап жүрміз деген сөз ғой!

«Қуаламашақ» та сол. Несін айтасың? Біреу қуады, басқасы қашады. Қазір де сол ғой?

Әйтеуір әлдебіреуден, әлденеден қашамыз да жүреміз. Уақыттан, өлімнен, шындықтан қашамыз ба, қашпаймыз ба? Қашамыз! Бізді кәрілік қуып жүр ме, жоқ па? Қуып жүр. Сонда да қашамыз. Бәрібір ұсталамыз ғой. Өлімге де, кәрілікке де! Бала кезде оны тек ойын көрдік. Ал қазір ол өмірге айналды.

Сенбесеңіз сіз де бала кезде ойнаған ойындарыңызды бүгінгімен салыстырып көріңізші.

Болды, мен кеттім «үйшік» ойнауға! Көріскенше ; )



Бөлісу: