Көптеген мәдениеті жоғары дамыған елдердің театр залы үнемі көрерменге толы болады.
Театрды күнделікті өмірінің бір бөлшегіндей көріп, тіпті кейбірі өмірін онсыз елестетуге қорқады. Ал бізде ше? Бізде қалай? Театрға телмірмейтін көрермен үшін қазақ сахнасында тер төгіп жүрген ұлыларды сөгуден арымыз. Өнерін халқымен бөліскісі келіп, сахнаның түтінін түтетіп отырған әртістерде айып жоқ.
Жоқ емес, қойылымдар күн сайын қойылып жатыр. Сахна бос емес, шымылдық ашулы... Ал көрмендер залы ше? Сахна ауасын сағынып, өнерге шөлдейтіндердің саны тым азайып барады. Залдың жартысына жуығы амалсыз билет алған мектеп оқушылары мен студенттер. Билет бекерге күйіп кетпесін деген мақсатпен ғана келген оларда өнерге деген қандай махаббат болсын?
«Театр мұражай сияқты, біз оған бармаймыз, бірақ оның бар болғанына қарсы емеспіз» дейді атақты актриса Гленда Джексон. Иә, расында солай ғой. Театр, театр деп жар салып жатамыз. Ал оған барып жатқан қаншамыз бармыз? Уақыт жоқ дейсіз бе? Тұрмыстық проблемалар, күнделікті күйбең тіршілік, күн көріс үшін жан талас, бала-шағаның қамы үшін қарбалас... Сізді қажытып жібереді ме? Түсінікті! Ол аздай, той жыры бар. Қазір нағыз тойдың уақыты ғой. Бірі туылып жатыр, бірінің тұсауы кесіліп жатыр, бірі үйленіп жатыр, енді бірі "күміс тойы" мен "алтын тойын" тойлап әлек. "Алтын тойын" жасап жатқанды алтынмен аптауыңыз керек, күйеуге кеткен қыздың артынан жасауын түгендеуіңіз керек. Мұнаң бәрі таудай проблема! Сізді демалыссыз жұмыс жасауға мәжбүр ететін де осы бітпейтін проблемалар ғой?.. Былай тартсам арба сынар ма екен деп, былай тартсам өгіз өлер ме екен деп жұмыстан бас алмай демалу түгіл ұйықтауды ұмытқан шаруабасты адамдарға айтарымыз, проблема ешқашан бітпейді. Уақыт тауып, демалыңыз.
Материялдық байлықпен қоса рухани байлық та жинаңыз. Ол да сізге өмірлік азық. Жұмыс, жұмыс деп жүріп балаңызға қарауға шамаңыз келмесі айдан анық. Үйде сіз жалдап қойған бала күтуші ата-анадан артық тәрбие бере алмайды. Компьютермен дос болған балаңызды неге театрға алып бармасқа?
«Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» дейді атақты режиссер Робер Лепаж. Балаларға арналған театрдың орны бір басқа. Оған барғаны да дұыс. Күнделікті драма театрларды, опера және балет, жасөспірімдерге арналған театрларда неге балаңызбен бірге бой көрсетпейсіз? Театр – нағыз тәлім-тәрбие мен тағылымның ортасы. Киелі өнердің ордасына бас сұққан бала мәдениетті де үйренеді. Сахнаға көз тіккен бала өмірді көреді. Жақсы мен жаман арпалысып жатқан заманның ащы шындығын біліп, ақ пен қараның ара жігін ажырата алады. Керегін алады да, көңіл сүзгісінен саралап өткізіп керексізінен құтылады. «Театрға барсам, ішім піседі» дейді кейбірі. Бұл – барып көргеннің сөзі емес, баруға ерінетіннің сөзі. Нағыз мәдениет те, нағыз өнер де театрда, ағайын! Мұныма сенбесеңіз, театр маусымы аяқталғанша бас сұғып көріңіз өзіңіз!