Біз қазіргі заман тарихындағы ең жаман кезеңде өмір сүріп келдік...
блог
Біз қазіргі заман тарихындағы ең жаман кезеңде өмір сүріп келдік...
Жақында Time журналы «21 ғасырдың алғашқы онжылдығы – қазіргі заман тарихындағы ең жаман кезең» деген қорытынды жасады. Журналдың пайымдауынша, бұл он жыл бұрынғы он жылдардан өзгерек. Яғни осы кезеңде жер бетіндегі адам баласының өміріне қатер әкелген келеңсіз оқиғалар көп болған. Иә, шынында да «тоғыз қатынның толғағы бір уақытта келген заман» болды.
Ең алдымен мына екі қайғылы апатты еске алсақ та жетіп жатыр: 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған лаңкестік және 2004 жылы желтоқсанда болған Оңтүстік-шығыс Азиядағы санаулы сағаттың ішінде қатарынан 200 мың адам өлімін жалмаған сұмдық цунами. Тағы бір дүлей апат – «Катрина» дауылы 2005 жылы Құрама Штаттарын шайқап, жайпап өтті. Мұндай стихиялық апаттар – құйын, тасқын, сел, қуаңшылық ғаламда осы онжылдықта еш толастамады. Ал, қаржы дағдарысы АҚШ-ты тұралатып қана қоймай, барлық мемлекетті өрттей шарпып өте шықты.
Бүгінде біз қатерлі ісік вирусы сықылды тұтастай қоғамға дендеп еніп кеткен рухани дерт асқынып, әсіресе түрлі экстремистік пиғылдағы топтар төбемізден төніп, шиқанның жарылуындай жағдайда тұр десек артық айтқандық емес.
Қазіргі ғаламдық жүйеде ешбір адам өзін апат, зорлық-зомбылық, кедейшіліктен аман сезіне алмайды. Сондай-ақ, ешбір «мен саясаттанушымын», «мен экономистпін», «мен ғалыммын» дегендердің өзі билік, ақша, білім, ақпаратты кім уысында ұстап тұрғанын, осындай апат ағынына қалай қарсы тұру және келесі онжылдық бұдан да сорақы болмас үшін не істеу қажеттігін білмейді.
Олардың кейбірі қарын санаға негізделген, тек өзін ғана ойлайтын адамзаттың эгоизмі мен тепе-теңдігі бұзылған табиғатқа қарсы әрекет қылу қажет екенін түсініп-түйсінгенмен, «не істеу керек» дегенге келгенде дағдарып қалады.
Алайда әлемдегі қалыптасқан жағдайды тек тәрбие берудің жаңа жүйесін орнату арқылы ғана өзгерту мүмкін екенін түсінетін заман алыс емес деп үміттенеміз. Ғұлама Шәкәрім атамыз:
Ар билейтін заманда
Нәпсі өліп,
Бірігер еңбекте
Барша адам баласы, – дейді.
Бәсеке, бақталасты қойып, махаббат пен ынтымақ қағидасымен тәрбиеленетін бақытты ұрпақ буыны алдағы уақытта Ар билейтін заманды әлемге әкелетініне сенеміз. Сонда ғана барша адам баласы бір-біріне қамқоршы болып, «еңбекте бірігеді». Сан ғасыр адамзатқа келген небір алапаттар, рухани кеселдер тасқыны тоқтап, әлемде тыныштық орнамақ. Біз қазіргі заман тарихындағы ең жаман кезеңде өмір сүріп келдік... ендігі онжылдықтан бастап Шәкәрім атамыз айтқандай «тарихтың тазасына, асылына арналады». Әрине «Ар ілімі оқылса» ғана.