Кезексөз таяқшасын ұсынған Мөлдірге алғысымды білдіре отырып, жалғастырайын.
Маған ең алдымен өз ұлтын сүйетіндер, оның мүддесін атақ-абырой үшін емес, шын парызым деп ұққандықтан қорғайтын адамдар, сабырлы, көркем мінезділер, ерік-жігері мықты, сөнбейтін үміттері жарқыраған жанарынан көрініп тұратындар; жаздың жаңбыры, күздің сары жапырақтары, қыстың алғашқы қары, мамырда ғана гүлдейтін акацияның исі, теңіз толқынының шуы, кез-келген жанрдағы сапалы музыка, әдемі табиғат аясы, тарихи құпиялар туралы деректі фильмдер, жұлдыздар жерге барынша жақын болып көрінетін ауылдың түндері, асылған сүр еттің исі, тамаша архитектуралық ғимараттар, барлық тәтті атаулы, кішкентай балалардың сықылықтап күлгені, мені жұмысқа жаяулатып әкелетін орталық көше; күрделі рецептермен ас дайындау, достарыммен қосылып ән шырқау, жағалауда суға аяғымды малып отырып қиялдау, ұшы-қиыры жоқ ен даланы көлік терезесінен тамашалау, шөптің үстімен жалаң аяқ жүру, өз қолыммен киім тігіп кию, сенбілік кештерде отбасымызбен кино көру, басшылықтың риза кейпін көру, жаңа түскен жеңгелерімнің қолынан шай ішу, жұмыс арасында уақыт тауып Массагеттің материалдарын оқу ұнайды.
Өз ұлтын менсінбейтендер, үсті-басыңды көзімен түгел шолып, сынап қарайтындар, өзін құрбандық етіп көрсеткісі келетіндер, жасаған жақсылығын бұлдайтындар, ұрысып-керісіп, өзіне сенімсіздігін, сайып келгенде бақытсыздығын көрсетіп жүруге ұялмайтындар, сәбидің жылағанына ашуланатындар, дөрекі қыздар, дарақы жігіттер, ақыл айтатын жасқа келсе де жеңілтектік көрсететін үлкен кісілер, әже болса да жас қыздарша киінетін үлкен апайлар, өзінің шамасын білмей киелі сахнаны кірлетіп, өнерді қор қылып жүргендер, көшеге қоқыс тастайтындар, көңілсіз даяшылар, арамтамақ жолсеріктер, әйелді ақылсыз деп санайтын ерлер, ерлерден жоғары тұрғысы келетін әйелдер, «қашан тұрмысқа шығасың?» деп сұрай беретіндер; аңызақ жел соғатын ыстық күндер, сапасыз салынған ғимараттар, шашылып жататын жұмыс үстелі, ықылассыз дайындалып, дәмсіз болып шыққан ас, адамзатқа титтей жақсылығы жоқ идеологиялық өнімдер; өзім қаламасам да жұмыс уақытында ұнамсыз адамдармен тілдесу, залым адамдардың алдында жасқа булығып, ештеңе айта алмау, кейде бауырларымды тәртіпке шақырам деп қаталдық танытып қоятыным, оларды жақсы көретінімді жиі білдірмейтінім, азғантай айлығымды жоспарсыз жұмсап жіберетінім ұнамайды.
Ең бірінші ойыма келгендері осылар, кезексөзді Ғалия Жәкен сіңліме ұсынамын.