Жұмысқа келе сап, «Массагетті» ашқаным мұндай жақсы болар ма. Бүгінгі күнім өзге күндерден ерекше басталды. Бірінші рет кезексөз өзіме беріліпті, қуанып қалдым. Ақботаға мың алғыс
Маған: орыс тілінен қазақшаға аудару, «Мой мирдан» ескі таныстар, достарымның суреттерін көру, осы жақтағы екі құрбыммен кездесіп, дәмді ас ішу, қолдың сары майына қуырылған картоп, вермишель, күйеуіммен демалыстарды әсерлі, мейірімді кинолар көріп өткізу, мысық-күшіктің еркелегені, шошқадан басқа бүкіл жануарлар, нәпсі қаламайтын нәрсені соның дұрыс іс болғаны үшін істеуге тырысатындар, сабырлы түрде жаманды-жақсылы пікірін ашық айтатындар, қымбат қойын кітапшалар, қарындашпен жазу, былғары бұйымдар, қызарып атқан таңды тамашалау, ағынды өзеннің қасында отыру, салқын, желсіз ауа-райы, нөсердің астында қолшатырсыз жүру, әр нәрсені суретке түсіру, қалтамда көк тиыным болмаса да ғаламтордан Стамбулға екі адамға барып-келетін ұшақтың билетін, ондағы қонақ үйлерде орналасу бағасын біліп отыру ұнайды.
Ал мыналар: қарақұмық және оның иісі, қаңғыр-күңгір әуендер, триллер көру, өмірде жоқ қиқы-жиқы кейіпкерлері бар мультиктер, қазақстандық сериалдардың жасанды сөз саптаулары, шоу-бизнес, үйінде пеші жанбай қалса да өкіметті кінәлау, кәріс жігіттерге еліктейтін қазақ жігіттері, жасандылық, көпбалалы екендіктерін бұлдап жаңалыққа шығу, құттықтау сөз жазып, өлең шығарып беруді өтінетіндер, ерінді бантик қылып суретке түсу, денсаулығымды, болмаса, жаңалық сұрағансып жүкті екендігімді немесе еместігімді білгісі кеп тұратындар, «келін» деген қаратпа сөз, қоғамдық көліктегі адамның телефонмен қысылмастан әңгіме айта беруі, күйеуіне бағынбайтынын өзгелерге көрсетіп жүретін әйелдер ұнамайды.
Әлі де тізе беруге болар еді, оған уақытым жетпей барады, әрі, жалығып кетерсіздер. Кезексөзді Нұршат Әлімқызына ұсынамын