әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Біз жанбасақ лапылдап» атты республикалық жас ақындар мүшайрасының қорытынды кеші өтті.
Шараның мақсаты: өскелең жас ұрпақтың бойындағы патриотизм ұшқынын жалындатып, студенттік кезеңдегі жастардың жастық шабытына оранған жігерлі жырларды, мөлдір бұлақтай өлеңдерді насихаттау және ақындарды ынталандыру болатын.
Мүшәйраға ақындар «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Студенттік өмір», «Еркін тақырып» бойынша өлеңдерін жолдады. Байқауға Алматы, Шымкент, Түркістан, Тараз, Павлодар, Семей, Қарағанды, Ақтөбе, Орал қалаларынан 50-ге жуық жас ақын қатысты.
Ақындардың шығармашылығын бағалаған әділ-қазылар алқасының құрамында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, Журналистика факультетінің деканы, ақын Сағатбек Медеубек, «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлім, «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаев, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, ақын Қазыбек Иса, ақын Талапбек Тынысбек, сонымен қатар, сарапшылар ретінде тарихшылар – т.ғ.д., профессор Талас Омарбеков, т.ғ.д., профессор Берекет Кәрібаев болды.
Оты жырларымен жастар арасында да, аға буын арасында танылып келе жатқан жас ақын Шерхан Талап бас жүлдеге лайық деп танылса, 1-орын Әлішер Әлімжанға, 2-орын Нұртас Тұрғанбек пен Мұқағали Қоштайұлына, 3-орын «Өр-Алтай» деп танылып жүрген Әріби Әрібек, Асылан Тілегенов, Еламан Хасенұлына бұйырды. Ал байқаудың арнайы жүлдесін Марғұлан Ақан, Дәулеткелі Жәкей, Қазыбек Сағидолла, Ерзат Асыл, Алпамыс Файзолла т.б. иеленді. Ақындарға «Сұңқар» студенттер кәсіподағы атынан қаржылай сыйақылар, Жазушылар Одағы мен профессор-оқытушылар атынан бағалы сыйлықтар және рухани қазыналы кітаптар берілді.
Ақын Темірғали Көпбаев: «Ақындық әркімнің ойына келгенін жазатын іс емес, ақындық талантпен, шығармашылықпен, ізденіспен келетін дүние» -дей келе, ақындықты ардақтаған ақындарға зор шығармашылық шабыт пен ізденіс тіледі.
Жас ақындар арасында өткен мүшайраның тарихымызды саралап, барымызды бағалап, туған елге, Отанға деген патриоттық сезімдерді бағалауға бір септігі тигені сөзсіз. Оған кеште оқылған жүлдегерлердің жырлары куә. Таланттарды танытқан осындай игі бастамалар бүгінгі күн үшін де, болашағымыз үшінде керек-ақ.
Әйгерім Әлімжан,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің аға оқытушысы