Біз идеал емеспіз

Жылау әлсіздікке жата ма? Дәрменсіздік дейді көбісі. “Біреудің көзінше ешқашан жылаушы болмаңдар!” деп үйреткен мұғалімдер де бар еді. Әрине, Құдай жылатпасын. Бірақ өз-өзіңді әзер ұстап тұрған сәтте, мөлт-мөлт етіп үзілгелі тұрған көз жасың “Не болды?” деп біреу сұраса, сауылдап қоя беретіні тағы бар. Ең қиыны – себебін сұраған жанға соны түсіндіру. Түсіндіруге келмейтін де жағдайлар бар ғой. Көңіліңдегі ой ауыздан шыққанда дүдамал, құрғақ, ерсі естіледі. Басқаша айтқанда, “болмашы нәрсе” болады да шығады. Ал енді ақталып көріңіз, әсіресе, жігіттің көзінше.

Жазылмаған смстер, шалынбаған қоңыраулар, тіпті, дер кезінде айтылмай қалған жылы сөздер үшін де қыз жүрегі жылауық балаша бұртия қалуға дайын. “Сен мені іздемейсің”, “Сағынбайсың”, “Үнемі ойыңда жүрмеймін” деген сияқты сырт көзге күлкілі, бірақ салмағы ауыр (біздер үшін ғой) реніштер тізіле береді сосын. Еркектік психология оны жай ғана еркелік, тіпті одан да жаманы, беймазалық деп қабылдайтыны рас па екен осы? Қандай қорқынышты… Кімнің “Идеал қыз” болғысы келмейді дейсіз?! Бірақ оның ережесі қиын. Еш нәрсеге ренжімей, ештеңені еске салмай, жоқ болса шарқ ұрып іздемей, бар болса “мазаны алмай” жүру тек қана робот жүректі бойжеткеннің ғана қолынан келетін шығар. Ал біздің кеудеде бұлқынып тұрған романтик жүрек өзі жақсы көретін жанды ешқашан “жайына қалдырмайды” Бұл механизм әлі талай рет ренжиді, ашуланады, жылайды, өкпелейді, сағынады. Өйткені сен оған БӘРІБІР емессің!

Хош… Әйтеуір, қайда жүрсек те, қандай болсақ та, ең бастысы, жасыңды сүртетін адамың жаныңда болсын…

ПыСы. Негізі жүректің жылауынан емес, тым-тырыс қалуынан қорқу керек.



Бөлісу: