Біз бүгін жерге Оны табыстап ек

Әлдименен әлдилеп бесігімді,

Әділдікті жүр едіңіз жақтап ылғи.

Әлемім де сұрықсыз, мәнсіз бүгін,

Әлдеқашан күн батты Сізсіз жылжи.

 

Дүрсілі жүрегімнің естілмейді,

Дірілдейді қос тізем, бассам қадам.

Дала кезген жалғызбын сізсіз, Ана,

Дүниеде болса да сансыз адам.

 

Лағыл моншақ сыйлап та үлгермедім,

Лүпілінен жүректің жинақталған.

Лақтай қалдым маңыраған, енесінсіз.

Лалагүлі сындымын қирап қалған.

 

Ескі күндер естелік сыйлап кеткен,

Есімді алып кей кезде бой көрсетті.

Ертеңіне үміт пен арман артқан,

Ендігі бұл қызыңыз, міне, ер жетті.

 

Тарылды-ау дүние осынау кең,

Тамағыма келді де өксік жұтым.

Тірі адам тірлікті қылады тең,

Тіршілікте не ұттым, не ұтылдым (?)...

 

Хас сұлуым, Ханымым, Асыл Анам,

Халім жайлы оқырсыз көк дәптерден.

Хатты жолдап тұрамын енді сізге,

Хабарсыз кететұғын ақ кептерден.

 

Алақанын анамның сағынғанда,

Алыс сапар келеді шеккім кейде.

Айырылып қалған жұмақ кіл(і)ті де,

«Ананың табынында екен» дей ме?

 

Нағыз бақыт анам бар күндер екен,

Наурыз да Сізді алған тағы келді.

Неше жыл Сізді іздеп, күтсем-дағы,

Нансам да, нанбасам да жоқсыз енді...



Бөлісу: