Біз бақытсызбыз, олар бақытты...
блог
Бір оймен бөлісуге рұқсат етіңіз.
Неміс ғалымдары жақында ғана 50 жыл бойғы зерттеуінің нәтижесін жариялады. Осы уақытта немістер 400 пайызға баи түскен. Ал бақытсыздар 34 пайызға көбейе түсіпті. Бақыт байлықта емес, деп жылы жауып қоя салуға болады. Бірақ...
Бірақ бұл бақытсыздықты (немесе қарғысты) бізге кімдер жіберіп отыр? Осы туралы тағы бір мысал айтайын:
100 жыл бұрын Америкада Генри Форд әлемдегі ең бай адамдар қатарына енді. Оның автомобиль өндіру ісіндегі реформасын ел-жұрт қыран-топан қабылдап алды. Cadillac, Chevrolet, Buick (Бьюик), Dodge (Додж) деген брендтер осы Фордтың ізбасарлары болып саналады. Ал көп ұзамай-ақ компания банкротқа ұшырау алдында болды. Себебі барлығы да бақытты еді, көліктері керемет!
Сонда автореформаторға жаңа қадам жасау керек болды. Не дейсіз ғой? Маркетологтар жиналып алып, жыл сайын, тіпті ай сайын біршама ғана өзгеріс енгізілген автокөліктерді шығара бастайды. Ескі көлік айдайтын тұтынушылардың психологиясына жасалған шабуыл – іске асты. Себебі ескі дүниенің қожайыны жаңа қарап, өзінің «итаяғын» жазғыра бастайды. Ал негізінде ешқандай да түпкілікті пайда, өзгеріс болмаған!
Ал киім ше? Киім өндіруші брендтерді байқасаңыз жыл сайын жаңа тренд ұсынады, ұсынып қана қоймай, ескі киімдерді сонау байырғы сән (мода) деп түсіндіріп, насихаттай бастайды. Ал мамандар қайта-қайта «бұл жылы жасыл түс сәнде болады» деген секілді әңгіме гәпіреді дейсің. Не үшін бұлай болуы керек? Бір ғана жауап, себебі олар жаңа пайда, жаңа қаржы түсіруі керек! басқа дәнеңе де емес! Халықаралық деңгейдегі брендтер жарнама (бақытсыздық сыйлау) үшін 500 миллиард доллар қаржы жұмсайды. Бұл ақша жер бетіндегі адамзатты комплекске ұшыратуға жеткілікті. Ал адамзаттың аштан қалмауы үшін жылына 50 миллиард қана ақша жеткілікті екен. Салыстыруды байқадыңыз ба?
Қасіретіміз де сол – жаңаға еліктейміз деп, сәннен шықты деп пайдалы, жарамды киімді не басқа тауарды лақтырамыз, оны қойшы!
Бастысы – жаңа дүниеге еліктеймін деп, бір ай өткен соң одан да жаңа тауар шыққан соң біз бақытсыз бола түсеміз. Осымен-ақ бақытсызбыз...
P.S. тышқандардың дөңгелекті айналдыра жүгіретіні бар ғой, дәл сондай өмір бізді тек ертеңімізбен өмір сүруге итермелейді де, бақытсыз ете түседі...
Не істеу керек екенін түсінген боларсыз?