Былапыт сөзге - 69 мың теңге!
блог
Қалай боқтанбайсың мұндай абсурдқа? Билікті де, басқаны да боқтай алатын адамға былапыт сөз психологиялық жүк түсіру болуы да мүмкін. Сол шенеуніктер тазалатпаған жолда тайып құласам мен неге боқтамауым керек?! Күн сайын жемқорлықпен ұсталып жатқандарды неге боқтамаймын?! Ұсталмай шалқып жүрген қаншамасы бар, оларды қалай боқтамайсың? Кеше журналиске "итсің" деп дікеңдеген прокуратура өкілін қалай боқтамайсың? Оны тауып, өзі-ақ жазалауы тиіс қызыл жағалылар тісі батпай отырғанына қалай боқтық айтпайсың?
Ал осындай екіұшты заңды халықпен ақылдасу керек, ағайын. Ләм-мим деместен, бір күнде жазаны қатаңдата салу - боқтауға лайық іс.
Боқтау - ойды еркін білдіру құқығың. Ал оны билігің келді де алып қоя салды. Әсілінде боқтауға тыйым салу - биліктің өзіне ұнамайтын адамынан кінәрат табылмағанда қолданатын шарасы ғана. Себебі осы деп білем. Ертең бұл тыйым "билікті боқтамау керек" болып өзгереді. Сосын талайымыз темір тордың арғы жағына кете барамыз. Халық отырады сосын "иә, мәдениетсіз екен, пәлен екен" деп.
Бұл тіпті тамырды басып көру деп білем. Біздің билікке әйтеуір жазаны күшейте берсе болды. Жазалай берсе болды. Боқтаса ашынған шығар, боқтаса күйінген шығар ә? Оны бірақ кім сұрап жатыр. Баран сияқты басқара берсең болғаны дейді дағы. Басқа не?!
667!
Автор: Ардақ Құлтай
Сурет: ru.freepik.com