Жастар-қоғамды құрушы фактор, жаңа заманды жасаушылар десек те, оларға қарсы аға буын тарапынан сыни пікірлер айтылып келеді және айтыла да бермек. Ол – аға заман мен жаңа заман арасында ежелден қалыптасып қалған стереотип. Неге олай айтып отыр деп ойлайтын боларсыз. Оған себеп-тарихтың өзі.
Ежелгі грек философы Сократ біздің заманымыздан бірнеше ғасыр бұрын : «Біздің жастар сәнденуді, байлықты жақсы көреді. Олардың тәртібі нашар, тәрбиесіз» десе, Вавилоннан табылған 3000 жыл бұрынғы тас құмырада: « Бұлар өткен замандағы, не біздің кезіміздегі жастарға ұқсамайды. Қазіргі жастар біздің мәдениетімізді сақтап қала алмайды ма деген қорқынышты ой туады» деген пікір жазылыпты. Міне, қызық! Сол сөздер айтылғалы бері қанша ай туып, жердің беті неше рет қар бүркенді екен?! Немесе әлгі аталмыш «жастардың» неше ұрпағы аға болып, осы сөзді қанша ғасыр «жастары» естіді екен? Бір таңғаларлығы, жоғарыда жазылған пікірлердің қазір де дәл солай еш өзгеріссіз тавтология жасалуы.
Менің не айтпағымды сіз түсініп те қойған шығарсыз... Демек, үлкендердің ешқашан жастарға көңілі толмайды. Аға буын да айдан келген жоқ қой. Кезінде олар да жас болып, бұйра-бұйра етіп шашын өсірді, балағы кең шалбар да киді. Өйткені, ол- сол кездің «модасы» еді. Кейін жасы үлкейіп, шашы қысқарды, баласы өсіп, балағы қысқарды. Жас келіп, ақыл кемелденген сайын адам өзгеріп, салиқалы, салмақты кейіпке ене бастайды. Бұл да бір кезеңдік эволюция. Сондықтан, жастарға аға буынның сынынан көрі, сыйластығы, айқайынан көрі ақылы көбірек керек пе деп қаламын кейде. Не десек те жаңашылдыққа ұмтылу-жастарға тән құбылыс. Ал жастар- әр заман сайын жаңарып отыратын сарқылмайтын ресурс.