Бұйырмай кеткен құдалық немесе тақиялы періште!

Кеше түсте теледидарды қосып едім, «Хабар» арнасынан үнді киносы жүріп жатыр екен. Байғұс бір қызды әкесі зорлықпен біреуге тұрмысқа беріп жатыр екен. Салттары бойынша той өтіп жатыр. Анау қыздың бет-әлпетінен-ақ көрініп тұр енді, болашақ жарын ұнатпай, мәжбүрлі түрде қосылып жатқаны. Ал, үйленіп жатқан жігітке бәрібір сияқты. Ары қарай көргенім жоқ. Ойыма қайдағы бір жағдайларды есіме түсіріп жіберді. Кадрдағы көріністерге қарап олардың орына өзімді қойып елестетіп көрдім. Құдай сақтасын! Өз ойымнан өзім шошып кеттім ғой.

Былтыр дәл осы айда нағашы әпкемнің үйінде жүргем осы Алматыда. Бір құрбысы бар болатын. Сол үйге жиі келгіштеп кетті. Ойымда ешнәрсе жоқ, «Тәте, тәте» деп өліп қала жаздаймын әр келген сайын. Бір күні әпкем айтады: «Құрбыма ұнап қалыпсың. Оның туған кенже інісі бар екен. Соған сені айттырып келмекші бір күні», — дейді.

Маған бола сол бауырын сонау ауылынан шақыртып алыпты. Сосын жатып келіп ренжімеймін ба әпкеме! Әпкем де әрине қимайды ғой мені. Бірақ, құрбысына қарсы келе алмаса керек. «Алдымен көр, таныс, кездес. Ұнатпасаң зорлап қоспаймыз ғой оған»  деді әпкем. Кездеспек түгілі көргім де келіп тұрған жоқ ол жігітті! Енді не істеймін! Ол жігітке деген мүлдем интерес жоқ қой менде. Аты кім, қай жылғы, немен айналысады? Ондай сұрақ мүлде қойғаным жоқ. Өздері айтып жатыр. 80-жылғы екен есімде қалыпты.

«Менің әзір күйеуге шығатын ойым жоқ, магистратураға тапсыруым керек»  деп сылтауратып шыр-пыр болып жүрмін. Содан менің сөздерімді қарсы тарапқа жеткізген болу керек. Қарсы тарап жауап айтып жіберіпті. «Өзіміз оқытып, өзіміз шоқытамыз. Керек десе сол Алматысында тұрғысы келсе де қарсы емеспіз» депті. Мәссаған безгелдек! Енді қайтем?!  Қайтіп құтылам олардан?!

Қалай түсінбейді менің жаным қаламай тұрғанын. Жаным қалап тұрса, сүйген адамыңмен жердің түбіне де баруға дайын екенімді түсініп жатқан біреу ма?! Жоқ. Содан пәлен күні келеді дегеннен бастап сол күні үйде ЖОҚ боламын. Жұмыстан қайтпай кешкі сегізге дейін отырып алатынмын. Сөйтіп олар да жалықпайды, менде жалықпаймын қашудан.

Сосын жұмысты сылтауратып қашып жүргенімді байқап жексенбі күні келеміз деп сәлем айтып жіберіпті. «Келсе келе берсін, мен ол күні үйде болмаймын» дедім. Жексенбі күні жездемнің бауырының балаларына қарайтын ешкім жоқ екен үйінде. Как раз мен бағып беруге ерікті болып, сол үйге аттанып кеттім. Ойымда ешнәрсе жоқ. Есік тықылдайды. Ашсам, бір топ адам сау етіп үйге келіп тұр! Құдалар мен күйеу жігіт! Осыдан соң қашып құтылып көр!

Сонымен дастархан жайып, сызылып шәй құйып бердім. Міндетім болған соң. Ешқайсысының түріне назар да аудармадым. Ақыры не керек, екеумізді оңаша қалдырып өздері кетіп қалды. Бір-екі ауыз бірдеме деп тергей бастады әлгі жігіт. Мен мандытып жауап та қатпадым. Балаларды алдым да мен де басқа бөлмеге кетіп қалдым бір есебін тауып. Отыра отыра іші пыстыма әлгі жігіт сыртқа шығып кетті. Терезеден қарап қоям, мүлде кетіп қалса жақсы болар еді деп. Жүрегім қағысынан жаңылып қалған сияқты. Әйтеуір сол күні кешті зорға батырдым. Әкелген сыйлықтарының бірін де өзіме алмастан басқаларға үлестіре салдым.

Сол жағдайдан кейін  ұнатпағанымды түсінген шығар деп ойласам, қателескем екем. Әлгі жігітке батылдық қайдан пайда болғанын қайдам, үйдің телефонына күнде хабарласады. Сұраса «Жоқ» деп айтыңдар деп телефонға мүлде жоламай кеттім. Қырсыққанда ұялы телефоныма да бір тыным болмай кетті сол кезде. Нөмірімді кімнен, қайдан алғанын қайдам бөтен біреулер хабарласқыш болып кетті. Соның ішінде әлгі жігіт те бар. «Кет!» десеңіз ит те кетеді емес пе. «Ұнататын адамым бар» деп өтірік алдасам да құтыла алмай қойдым. Содан кейін бөтен нөмір немесе жасырын нөмірмен хабарласқандар болса мүлде көтермей қойдым. Онсыз да телефонды көтеріп жүргенім шамалы еді. Құтылдық қой ақыры!

Содан жүрегім шайлығып қалған. Қазір де бөтен нөмір немесе жасырын нөмір хабарласса болды жүрегім дір ете қалады. Басып тастаймын да отыра беремін. Ол кім болды екен деп те қызықпаймын ғой жарықтық. Кейде таныстарым хабарласып қалып, көтерей алмай жүреді. Тек sms жазып жібергеннен кейін ғана ит болып өзім хабарласып жататын жаман әдетім бар.  Телефонымды өшіріп тастасам тіпті жаным кіреді. Бұл әдетіме таныстарым да ренжіп жатады. Осы әдеттен құтылу керек болып жүр енді.

Пы Сы: Айтпақшы жақында сол тәтені көріп қалдым. Бұрынғыдай қол беріп, бетінен сүйіп амандаспадым. Жәй ғана «сәлеметсіз бе?» деп жанынан өте шықтым.



Бөлісу: