Бағдаршамның жарығы қызыл жанып тұр. Арай ұзақ ой үстінде келе жатып өзінің көлік жолға тым жақын тұрғанын да аңғармай қалыпты. Артынан естілген егде тартқан қарттың:
- Қызым-ау, бір жігітті бойдақ қалдырайын деп тұрсың ғой, - деп көлік қағу қаупінен сақтандырған даусына елең етті. Сөйтті де бір жымиып, жасыл жанған жаққа жүре берді. Үйіндегі Диасты ойлап келеді. Үш бөлмелі пәтерді үш қыз, екі ұл болып жалдап тұрып жатқандарына бірнеше ай болды. Алғашында Диасты жай ғана ауылдасым, досымның досы деп қана қабылдайтын. Әр әңгімесіне әзілмен тіл қатушы еді. Арай таңертең ерте сабаққа кететін күні «қараңғыда жүру қауіпті» деген сылтаумен Диас мұны аялдамаға дейін жеткізіп салатынды шығарды. Тамақ пісіргенінде, өзгелер міндетті түрде сын айтып отырса, бұл ғана мақтап, жей береді. Тамақтан соң әркім өз жөніне кетіп, Арай ас үйде ыдыс жуғанда мұны жалғызсыратпай, жұмысын айқтағанша әр нәрсені әңгімелеп жанында отырады. Осындай қылықтарына қарап «Осы маған неге тым қамқор болып кетті» деп ойлады. Жігіт болған соң барлық қызға солай қамқорлық танытатын шығар деп ойлайын десе, жанындағы екі қызға олай еткені байқалмайды. Осылай өткен күндер жүрегіне өзгеше сезім құйып берді. Енді Арай өзі де күмәнмен қарайтын сезімін білдіріп аламын ба деп қорқып, одан бойын аулық ұстауға тырысады. Ымырт түсе пәтеріне де жетті. Мұрнына бұрын үйден сезілмеген лоқсық иіс келді. Темекі исі. Балкон жақтан шығады. Үйде ешкім темекі шекпеуші еді. Таң қалған күйі, балконға жақындап, көк түтін арасынан Диасты әрең таныды:
- Мұның не, сен темекі шегуші ме едің?
- Арай, бара тұршы, кейін сөйлесеміз.
Бұл не дерін білмей аңтарылып қалды да, кейін шегіне берді:
- Өзім де темекіңнің иісіне шыдай алар емеспін.
Үйдегілер бұлармен шаруасы жоқ, әркім өз ісімен айналысуда: бірі интернеттің қызығына кіріп кеткен, бірі ас үйде кезекшілгін атқарып жүр, бірі кітаптан бас алмайды. Диас далаға шығып кетті. Бар батылын жинап, Арай да ере шықты. Есік алдына отырды. Біраз үнсіздіктен соң:
- Енді сөйлесетін шығармыз.
Қалтасынан тағы да бір темекі алып, тұтата бастады. Арай қолынан жұлып алды да, ортасынан бір бөлді. Тағы біреуін шығарды. Енді қарсыласудың пайдасы жоғын түсінді де, шарасыздық күй танытып, төмен қарап отырып алды. Темекісін рахаттана сорып алып, тыныштықты алғаш өзі бұзды:
- Арай, сен мені сүйесің бе?
- Жоқ, - деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін аңғармай қалды, тағы да сол шындықты жасырудан туған қобалжумен.
- Мені қинағаны осы. Сен мен туралы мүлдем темекі шекпейді деп қателесесің. Қатты қиналсам жүйкемді басар осыдан басқа амалым жоқ.
- Сол да қиналатын нәрсе ме екен? Маған сезіміңді білдіріп те көрген жоқсың ғой.
- Бірнәрсе айтайын десем, қашқақтай бересің. Соңғы күндері тіпті алшақтап кеттің, содан батылым жетпеді, - деді де, сәл ойланып барып: - Егер маған деген титтей де сезімің болмаса мұнда неге келдің?
- Сен жақсы жігітсің.
- Басқа ештеңе айтпайсың ба?
- Егер енді темекі шекпеймін деп уәде берсең, тағы да айтуым мүмкін.
Жұмыста жүрсе де «Жемпіріңді шешуші болма, күн салқындап келеді» деп хабарлама жібереді. Оның табанына бір тікен батуына да жол бермей, жасаған кішкентай қамқорлықтарымен Арайдың жүрегіне жол салып, ақыры жетеді. Күн артынан күн өтеді. Ауылдан нашар хабар жетеді. Диастың әкесі ауыр халде жатқан көрінеді. Ол тез арада жиналып:
- Әкем тәуір бола салымен келіп алып кетемін. Үйленеміз, - дейді.
- Бұйырса деп айтсаңшы.
- Айтпасам бұйырмай қалады ма екен? Жамандықты өзің шақырмасаңшы.
Осылай қоштасып, ауылына жетеді. Әкесіне ота жасатады. Бір өлімнен аман алып қалды. Бірақ жуық арада ауыр жағдайы тағы да қайталануы мүмкін. Сол себепті тезірек үйленуі керек болады. Алайда ата-анасы алатын қызына қарсы болады. Арай Диастың соңғы қоңырауынан:
- Ата-анама барлығын түсіндірдім. Руымыз бір болғанымен, арғы атамыз оннан да асып кеткенін айттым. Олар көнетін түрі жоқ, - деген сөздерді ғана естиді.
Бір аптадан соң басқа қызға үйленіп кеткенінен хабардар болады...