БҰҰ-дағы ширек ғасыр

БҰҰ-дағы ширек ғасыр
жеке
блог

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғандығының 25-жылдығын атап өтті. 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Қазақстан әлем елдерінің ең ірі осы отбасына бір ауыздан қабылданды.

Біздің елдегі БҰҰ-ның Тұрақты Үйлестірушісі Норимас Шимомураның атынан мерейтойлық күнге байланысты құттықтау оқылды. Құттықтау сөзінде өкіл республиканың барлық маңызды халықаралық бастамалардың белсенді қатысушысы және мемлекеттің ұстанған бағыты тұрақты дамудың мақсаттарына сәйкес екендігін атап өтті. 

  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев студенттердің, оқытушылардың, құрметті қонақтардың назарын ең беделді әмбебап халықаралық құрылым саналатын БҰҰ рөліне аударды. Университет  БҰҰ «Академиялық ықпал» Жаһандық Хабын және Орталық Азиядағы Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО Аймақтық Хабын басқарады, ЮНЕСКО-ның журналистика және тұрақты даму бойынша екі кафедрасы жұмыс істейді. Ұлттық жоғары оқу орны жаһандық мәселелерді шешу бойынша халықаралық деңгейдегі көптеген бастамалар мен ауқымды жобаларды жүзеге асыруда ең белсенді әрі тиімді алаң болып табылады.

  Университеттік салтанатты жиынның ең құрметті қонағы ҚР сыртқы істер экс-министрі, БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші тұрақты өкілі, Төтенше және Өкілетті Елші, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Арыстанбекова болды. А.Арыстанбекова ел тарихына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елдің Біріккен Ұлттар Ұйымына кіру міндетін орындаған тұлға ретінде енді. Осылайша біздің республикамызды әлем мойындады.

   Ақмарал Хайдарқызы 1991 жылдың 16 желтоқсанынан – Тәуелсіздікті жариялағаннан бастап елдің ең ірі әлемдік бірлестік қатарына қабылдануына қатысты жұмыстарды күнделікті белсенді түрде атқарғаны туралы айтып қана қоймай, сол жылдардың бейнехроникасы бойынша көрсетті. Сол кезеңді еске ала отырып, БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші тұрақты өкілі жас тәуелсіз мемлекетке қолдау көрсеткен әріптестеріне, әсіресе, сол уақытта өз қызметіне кіріскен Бас Хатшы Бутрос Бутрос-Галиге алғысын әлі күнге дейін білдіреді. Қазақстанның БҰҰ құрамына енгеннен кейін туылған қазіргі студенттердің көбі Ақмарал Арыстанбекованың БҰҰ Бас ассамблеясы трибунасында алғаш сөз сөйлегенін, БҰҰ Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Қазақ ССР сол кездегі қызыл туының көтерілгенін көріп тарихи оқиғаларды біле алды.  

 1992 жылы Қазақстан ұйымның 168-ші мүшесі болды. Сонымен қатар, Ақмарал Хайдарқызы өзі мақтан тұтатын ҚазМУ химия факультетінің түлегі. Атаулы күнге орай ол біздің еліміздің БҰҰ мүшелікке кіру жолы туралы жан-жақты әңгімелеп берген «Страницы истории» атты кітабын жарыққа шығарды. 

   Бүгінде Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі. ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар бойынша елші Майнура Мұрзамадиева өз баяндамасында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ бірнеше рет, атап айтсақ, Бас ассамблеяның 50-ші және 70-ші сессияларында сөз сөйлегенін айтты. Қазақстанның ұсынған көптеген бастамалары қолдау тауып, жүзеге асырылуда. Біз 2017-2018 жылға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болдық, алдағы жылдың қаңтар айы барысында төрағалық жасайтын боламыз. Біздің елімізге әр жылдары БҰҰ Бас хатшылары Бутрос Бутрос-Гали, Пан Гимун, Антониу Гутерриш келген, ал ҚР СІМ қазіргі басшысы Қайрат Әбдірахманов ұзақ жылдар бойы БҰҰ ҚР тұрақты өкілі болған. Жаңа кезең – жасыл технологиялар бойынша БҰҰ орталығын құру жоспарланып отырған EXPO-2017 көрмесі аясындағы ынтымақтастық.

Ширек ғасырлық мерейтойға қатысты шетелдік өкілдіктер тарапынан көптеген құттықтаулар айтылды: Қазақстандағы РФ бас консулы Алексей Деминнен, АҚШ бас консулы Марк Мудиден, Қырғыз Республикасы бас консулы Алиясбек Алымкуловтан, ҚХР бас консулы Чжан Вэйден, Тәжікстан Республикасы бас консулы Акрам Акобировтан, Әзірбайжан Республикасы бас консулы Низами Рустамовтан.

 БҰҰ қоғамдық ақпарат департаментінің директоры Властимил Самек халықаралық ұйымның барлық құрылымдары мен институттарының қызметі жер шарындағы серіктестікті нығайтуға, қауіпсіздікті күшейтуге бағытталғанын баса айтты.

Университет студенттері БҰҰ ресми алты тілінде және мемлекеттік тілде барлығын айтулы мерейтоймен құттықтады. Қонақтар БҰҰ 70-жылдығына арналған фотокөрмені қызығушылықпен көріп шықты.