Бұта арасындағы төл

  Сол жылы алдымда қара шұнақ саулық болды. Өзінен аумаған екі қара шұнақ қозысы бар. Әлгі саулық отардың алдында 40-50 метрдей озық жүріп, кездескен қылтанақты бұрын жейді. Екі қозысы жалқы қозыдан артық болды, өзі кемі 3-4 рет қоздаған сақа саулық. Әлгідей оңаша оттап жүргенде екі қозы енесінен бір елі қалмайды.

Бір күні өріске барғанда байқадым, екі қозы жоқ, бірақ саулық алаңсыз оңаша жайылып жүр. Кешке қарай ауыл жаққа малды бұрдым. Саулықты күні бойы бақылаумен болдым. Қозылары жоқ, маңырайын демейді. Ауылдан шыға берісте бір шақырымдай шамасы жерде белес бар. Қалың баялыш. Соған жақындағанда саулық озыңқырап барып, маңырап еді, екі қозы бұтаның арасынан шыға келіп жамырады.

Сол дағдыға айналды. Екі қозы сол жерде қалады, кешке жамырайды. Оны қозыларына қалай түсіндіріп, үйреткеніне осы күнге дейін таңмын.



Бөлісу: