Бұрынырақта...
блог
Бұрынырақта алматылықтардың аузынан "Қазіргі Алматы бұрынғы Алматы емес" деп қойып, Алматының алмасы жайлы, мәдениет орталықтары жайлы, жасыл желектер мен би кештері өтетін парктер жайлы көп естуші едім. Шын айтсам, сол кездері олармен келіспейтін де едім. Нені меңзеп тұр? Сонда ауылдан адамдар келіп, бәрін құртты демек пе? Опшым, іштегі бір ұлтшылдығым оянып, ыза болатын едім. Қазір мен сол адамдар сияқты өзім де сөйлеп кеткенімді байқамай қаламын. Көшелердегі қақырық-түкіріктер, автобустардағы адамдардың әдепсіздігі, қоғамдық ортада өздерін ұстай алмауы, бәрі келіп адамдардың мәдениеттілігінің төмендігін көрсетеді. Ал дардай "Мәдениет қаласы" деп аталатын Алматыда бұл мүмкін нәрсе ме? Шынымен, ақырындап, мұндай мәртебеден айрылып бара жатқан сияқты. Әлбетте, театр, концерт, кештер, бәрі-бәрі болып тұрады, оған баруға ақша да жоқ емес, бар. Бірақ баратын адамдардың санасы өзгерген, басқаша ойлайды, басқа көзқарас. Және бұл адамның шыққан жеріне қалалық, не ауылдығында емес. Бұл жалпы системаның өзгергенінен, дәл айтқанда жоқтығынан сияқты.
Бұрынырақта попса әндерін тыңдаушы едім. Құлаққапты тағып алып, попсамен бір жерден бір жерге жететінмін. Бірақ қазір попса тыңдай алмайтын болыппын. Әсіресе орыс попсасын. Қазақша әндердің жер жеберіне жетіп, ізденіс пен шынайы музыканың жоқтығын көп айтамын. Бірақ оны жақсартуға да қолымнан ештеңе келер емес. Өйткені мен музыкант емеспін. Айту әркез оңай екенін де білемін. Бірақ ұнамайтын нәрсені ұнамайды деп айту керек емес пе? Кейде өзімнің дүниелеріме де біреулер сын айтып, ұнамайды деп жатады. Басымды изеп, тыңдаймын. Бірақ қателіктермен жұмыс әрдайым нәтижелі болмайды екен.
Бұрынырақта адамдардың сан-қилы мінездері мені толғандырмайтын. Мен үшін жақсы мен жаман адамдар ғана болып бөліне салатын. Және "әр адамның өз плюсі мен минусы" болады ғой деп құр сөзбен айта салатынсың. Осы күні сол плюстер мен минустар сондай әрқилы екеніне көзім жетіп жүр. Әрбір адамды алып қарайтын болақ бір бойында қаншама бітіскен мінез бен қасиет жатыр. Егер кинорежиссер болсам адамдардың түрлі мінездерімен бір фильм түсірер едім деп ойлаймын. Бірақ бір түсінгенім, ешқашан кілең плюс пен кілең минустан құралған адам болмайды екен.
Бұрынырақта... жалпы мен ақымақ болған шығармын. Қазір де ақылым тасып жатқан жоқ.