Бұрынғы әуенге қайта бастым...

Бұрынғы әуенге қайта бастым...
жеке
блог

    Сені күнде көремін... Қанша қарағаныммен, неге екенін, бұрынғыдай жылауық емеспін. Бірақ, көз алдыңда  кіршіксіз күлмегелі де қашан?! Әйтеуір, бар екендігіме шүкір айтып, жүріп келемін. Менің пайымымдағы сенен айырылған күннен бастап, «Тас» атанған  - Астанада одан кейін талай қар жауды. Аппақ қар... Қанша ақ болса да, менің көңілімде - ештеңе өзгерте алмаған қар да, маған қарапайым қалыпқа енгендей. Үсті-үстіне жауады. Көктем келгенде еріп, күл-парша болады. Жай ғана... Табиғат құбылысы...

     Кейде, сені тым қатты сағынамын.  Жүректен шығатын қоңыр дауысыңды, таусылмайтын ұзақ-сонар әңгімеңді, күлгеніңді, жүргеніңді, мінезіңнің сырын аша қоймайтын жұмсақ шашыңды қанша ірі болсаң да, нәзік жаратылған қолдарыңмен артқа қайыра қойғаныңды... Бәрін, бәрін ойдан өткізгенімде,  көңілім саған қарай алып-ұшардай болады. Бүгін де сол аппақ қар... Біздің... Жо-оқ! «Сенің» және «менің»,  бір лаулап  өте шыққан сезімдердің, салқын символына айналған  - аппақ қар... Сол ғана, кейде жоқ жерден ойымды ала қашатын болып жүр.

Есіме алғандағым, бүгін ерекше күн - туылған күнің. Ата-анаңның «жалғыз ұл перзенті» атанғаныңа жиырма төрт жыл болыпты. Демалыс күні болса да, үйде отыра алмадым. Қалт етпей жатқан қатқыл қарды қытырлатып, байырғы әдетімше Есіл өзеннің жағалауында жаяу серуендедім. Бүгін толқып жүргендікі ме, сені келер дедім бе, сен келетін жол жаққа қарайлап, алаңдай бердім.

     Неге келесің?!  Неге?!  Себеп бар ма?!  Жоқ... Қанша қар жауса да, қанша көктем оны ерітіп, Есілдің толқынын шалқытса да, келмейсің. Келмеуге серт байлағансың! Қатігезсің!  Сенің қатігездігіңе ғашық болған мен де  - бір бейбақпын... Осы ойлармен біршама уақыт өтіп кетіпті. Ертеңгі таңның арайлап атарынан дерек беріп, жылуы жоқ қыстың бояусыз күні қызарып, ұясына жайғаса бастады. Жол үстіндегі көлік те, екі бөлінген қара жерді жалғаған үміт көпірінен өткен жүргіншінің аяқ алысы да үдей бастады. Бәрі асығады... Тек мен емес. Өйткені мен  - үмітсіз күтіп жүрмін. Ең жаманы да сол – үмітсіздік. Осылай қараңғы түскенде барып, бойымды бір салқын ызғар шарпып, көңілімдегі жалғаннан жасап алған үміттің ақырғы қылын үзіп өтті. Бітті бәрі, мен енді ойлануға мұрша бермеген екі көзім мен екі аяғыма амалсыз ерік бердім де, үйіме апарар соқпақпен жүріп кеттім. Өйткені, сен жоқсың! Сен келмедің!