Көптен бері жазуды шетке ығыстырып қойғаным есіме түсті. Бұрынғы тайталастықпен жазған күндерім көзіме көріне берді. Ол күндері менде арман бар-тын. Бірі сауығып кетсем деген үміт, екіншісі осы жазғандарым бір жерден көптің көзіне ілінсе деген. Расымен осы сәтте сол бір бумадан асатын жазба, сатира, ой толғау, өлеңдерімнен ұялатындаймын. Ия, жазылдым. Бұрынғыдай ауыр күндерді артқа тастап шыңға шығып келе жатқаным да өзімнің мәңгілік сырласым жазуымды бір бұрышқа лақтыра салғаныма міне бүгін өзімді жоғалтып алғандаймын.
Бұрындары бірде талып, бірде көбік атсам да өзімді мазақ етіп сатира жазуға құмарланатынмын. Ал бүгін не? Жазған пұшпағымда жоқ. Сол күндерде жазуымды дамыту үшін қазақша түсіндірме сөздіктерді қайыра-қайыра оқып, роман талдайтынмын. Қазір не алаңғасар болып барам ба? Әлде ажал ұшында ілініп тұрғандағы өмір тәттілігі өз дәмін қайтпас еткен бе? Осы күнде өлең сирек жазылады, сатираның қиыры да көрінбей қалды. Қайта жазуды қолға алмасам әлсіздеп барамын. Қалам мен парағымнан Алла айырмасын. Жан қалтама өле-өлгенше салып қойғаны дұрыс-ау?
Өмір тыныш өз кезегімен өтіп жатқаны қызық. Белгілі белде саған қымбат сезімдердің бұл күнде қалай келетінін жадымнан өшіріп алған ақымақ секілденемін. Өмірімнің он сегіз бен жиырма үш жас аралығын күнде паралап талдап өте берермін. Алдыңғы күні алдымнан бір жігіт өтті. Бір қолында таяқ, бір аяғын әрең басып келеді. Өз үйімнің төмен жағында ардақты ана қызын арбаға салып қашанда саябаққа шығарып сөз үйретіп, әлемнің әдемі екенін айтып жеткізе алмай қиналады. Бір күндері анам мені солай жұбататын. Енді ол белдеуден міне аман-есен аттап өттім. Әйтпегенде жәңегі жігіттей таяқ ұстармедім? Немесе арбадағы қыздың орнында болармедім?
Таяқты ұстауға арланатынмын. Аяғым жүрмей қалғанда тізерлеп қалатынмын. Үйде де, түзде де ештенкеге сүйенбей жерді қолмен тырнап жылжитынмын. Кейде кейбір кісілер көлігіне салып үйге әкеп тастайтын. Қанша қиналсамда қалжыңды жаным сүйетін. Өзім-өзіме күліп қара қалжың жазатынмын. Жазғанымды блогка салып астына жазылған сындарды күтетінмін. Сын маған өзінше мұғалім іспеттес рөл атқаратын. Сындарды өзімше талдап ой алып келер шығармаға қосатынмын... Блог – мұғалім. Оқырмандар – сабақтастар. Сын – алған бағам. Бір адам жылы пікір жазса тағы сол тақырыпқа жазатынмын. Екінші жазғаныма ешкім көңіл бөлмейтін күндер болатын. Ондай күнде керісінше жазғаным ұтқандай қуанатынмын. Қарсы пікір – жеңгенім, мақтағаны – жеңілгенім. Өзімді осылай сынай түсетінмін.
Ал енді не істеп жүрмін? Шетел асып сыртқа шықтым. Кітап аз оқимын. Алдыңғы жылғы тапсырған сертификатым жанымда. Тіл үйрендім. Орысша көбірек оқимын. Сөзім ұсақталып кеткендей. Ауыр ойлар жоқ. Елді күлщдіртетін әңгімелер көбейді. Бірақ блогты өз өмірімнен шығарып алыппын... Ол күндерде сатирамды жаттап айнаға қарап өзіме-өзім ойнап ду болатын әдетімді де қалдырыппын. Неге?
Өмір басқаша өзгерді. Бүгін бір бағдарламаны көріп, қайтадан сатираларымды ойнағым кеп кетті. Денем бос. Денем өз қолымда. Бұрын діріл басқанда оны «вибрация» деп қалжындайтынмын. Ажал деген досым бар деп мақтаныш көретінмін. Аллаға жақын ем. Қаламға кітапқа, еңбекке, ізденіске жақын ем! Ал қазірші ұмытып барамын. Ұмытпас үшін қаламымды қайта қолға алсам дұрыс екен!
Ой толғаудан бастау алғаным осы ойлар соңғы жарым сағатта миымды жеп қойып, өзім өткенімнен ұялып асфальттің астына кірдім шыны керек. Ойларым тарам-тарам боп, шашырап кетсе жинап ала салыңыздар. Өткенімді осы бір параққа сидыра алмасам да, ажалды жеңген анекдотым да анық-анық, бөлек-бөлек абзатцтар арнап қазақша айтқанда жіліктеп, май-сорпасын шығарған болатынмын. Қысқаша айтқанда мынау серьезный түрі боп кетті сол үшін аяғына дейін оқып шықсаңыз сізге үлкен рахмет айтып, бас идім!
Satirik92