Буллинг термині ағылшынның “bully” сөзінен шыққан, қазақша ол “бұзақылық”, “зорлаушы”, “қорқыту” деген мағынаны береді. Басқаша айтқанда, булинг- адамды қорлау. Буллинг қоғамымыздың әр түрлі топтарында, тек мектептерде ғана емес, сонымен қатар жұмыс орындарында, интернет желісінде де көрініс табуы әбден мүмкін. Буллингтің физикалық, психологиялық, экономикалық, жыныстық зорлық-зомбылық тәрізді түрлері болады. Қорлаудың осы түрлерінің бәрін біріктіретін бір қасиет бар, бұл- агрессиялық іс-әрекеттің әлсіз, қорғансыз адамға бағытталуы, жәбірлеуі. Әдетте агрессор (қорлаушы) немесе агрессорлар тобының іс-әрекеттері асқақтық сезімі мен аз да болса биліктің дәмін сезінуге бағытталған.
Буллингке адамдар үш тараптан қатысады: жәбірленуші, агрессор немесе куәгер ретінде. Бұл істің ең ауыр психологиялық зардаптарын бірінші кезекте жәбірленуші шегетінін айтпасақ-та белгілі шығар. Алайда, зерттеулер нәтижесі бойынша, қорлаудың теріс салдарлары куәгерлерге де, түптің түбінде тіпті агрессордың өзіне де келіп тиеді екен. Жәбірленуші үшін буллингің қаупі орасан зор, оның дәлелі ретінде әр түрлі деңгейдегі психологиялық және психосоматикалық аурулардың пайда болуы мен суицидтық ойларды келтіре аламыз. Буллинг жасөспірімдер арасында көптеп кездеседі. Статистикалық мәліметтердің хабарлауынша, 7 мен 15 жас аралығындағы мектеп оқушыларының 44 пайызы “буллинг-агресситі” болып келеді. Мектептегі қорлаудың жарқын мысалы ретінде Кеңес дәуірінде жарық көрген “Чучело” атты фильмді келтіре аламыз.
Буллингтің жасөспірімдер мен балаларға деген әсері қоғамда қауіпті нәрсе ретінде бағаланбайды, байқалмайды. Мектептегі мұғалімдер буллингті екі жас арасындағы ерегіс, қақтығыс ретінде ғана қабылдайды. Бірақ ерегіс дегеніміз- мүдделері келіспей қалған, дәрежелері тең адамдардың антагонизмі (бәсекелестігі). Ал буллинг- бұл күштінің әлсізге жасаған әлімжеттігі. Кейде ұстаздар оқушылар тарапынан пайда болатын агрессияға көз жұма қарайды және тек физикалық қорлауды ғана ажыратып, тани алады. Әдетте қорлауды болдырмас үшін агрессормен тәрбиелік әңгіме жүргізу және агрессордан жәбірленушіге кешірім сұрату жеткілікті деп саналады. Алайда бұл қате тәсіл агрессордың жәбірленушіге деген ызасы мен көрсететін қысымын арттыруы мүмкін. Оның үстіне, жәбірленушінің жан жарасын агрессордың мәжбүрлі түрде айтылған бос сөзімен жазып, емдей алмайсың.
Не себепті сіздің бауырыңыз, балаңыз немесе жақын адамыңыз буллингке тап бола алады? Бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ, себебі көп. Тым толық, тым арық, тым ұялшақ, тым кедей, тым “нашар” киінеді, тым “әдемі”/”ұсқынсыз”, тым ақылды немесе ақымақ, ерекше мінез-құлық, физикалық ерекшеліктер және т.б. Жасөспірімдер кез-келген нәрсе үшін жәбірлеп, қорлық көрсете алады. Осы жерде барлығымыз жәбірленушінің жасалған әрекеттерде ешбір кінәсы жоқ екендігін ұғынуымыз қажет.
Буллигті қалай тануға болады және онымен күресу тәсілдері қандай?
Қорлану кезіндегі жәбірленушіден мынадай белгілерді байқауға болады: киімнің жыртылуы, зақымдануы, денедегі жарақаттар (дененің көгеруі), қымбат заттарының “жоғалуы”, тәбеттің төмендеуі, қорқынышты түстер, серуендеу кезіндегі мазасыздық, сыныптастарымен қарым-қатынасқа түсуден бас тарту, т.с.с. Буллинг құрбанына көмектесу үшін оны кінәламай, қолдау көрсетіп, демеу болу қажет. Жәбірленушіге оның жалғыз емес екендігін барынша көрсеткен дұрыс. Оны мазақ етіп, айтқан сөздерін елемеуге мүлдем болмайды. Сондай-ақ, жәбірленушіден көрген қорлығы мен тәжірибесі жайлы қайта-қайта сұрай беруге тыйым салынады. Жәбірленушіге агрессорлар өздерінің алдында өз құндылықтарын біреуді қорлау арқылы ғана арттыра алатындығын, сол себепті жазықсызға шүйлігетіндігі жайлы түсіндіру керек. Жәбірленушінің өзін мықты тұлға ретінде көрсетіп, күш қолдана алуы буллингті тоқтатуы мүмкін. Бірақ, өкінішке орай, көп жағдайда жәбірленуші бұндай әрекеттерге дайын емес, сондықтан көмекке мұқтаж болып келеді. Егер сізде сіздің жақыныңыз буллингтің құрбаны болуы мүмкін деген күдік пайда болса, дереу онымен осы жайтты талқылаңыз және әңгіме желісіне байланысты әрекет етіңіз. Мәселенің барлық маңыздылығын ескере отырып, жәбірленушінің сізге сенуге деген дайындығын байқаңыз. Жәбірленушіге көмектесу үшін мектеп әкімшілігіне хабарласыңыз, болған жайтты талқылау үшін агрессор мен ата-анасын шақыртыңыз. Осылайша сіз өз жақыныңызды қорғау үшін бәріне баратыныңызды көрсетіңіз. Егер бұл көмектеспесе, баспасөз бен құқық қорғау органдарына жүгінуіңізге болады. Сақтықта қорлық жоқ екенін естен шығармаңыз, жақындарыңызға жанашыр болыңыз!