Бүлдіршін тілегі

Жаңа жыл да жақындап келеді...Қызық.. Осы жылы тіптен өзгеше күй кешудемін. Балаларға арналған қойылымдар уақыты да басталды. Мектеп, балабақша, тағысын тағы. Жаңа жылдық шырша мерекесі әр мекемелерде қызықты іс-шаралар бастады. Мен де бұл шарадан қалыс қалмайын деп Ақшақар рөлінде бірнеше балабақшаларға, мектептерге барып шамам келгенше балалардың көңілін көтеріп, ойнатып, бір сәт жүзіне қуаныш, езуіне күлкі сыйлауға тырыстым. Байқасам барлық бала бәрібір жасына да, қай сыныпта оқитына қарамастан бір сыйқырға, таңғажайыпқа сенеді екен. Кіп-кішкентай ботақандардың бақыттан бал-бұл жайнаған, әдемі ғана жылы күліп тұрған күлкісін көріп өзің де ертегіге еніп кетеді екенсің. Бірде сондай бір әдемі кештердің бірінде бір 6 жасар қыз менің жаныма келді. Қолына Аяз Атаға арнап жазған хатын ұстап алған. Өзі апарып беруге ұялған болуы керек, маған әкеп берді. Былдырлаған тілімен "Ақшақар, мынаны Аяз Атаға беріңізші" деді де ұялып ары қарай тез жүгіріп кетті. Өз сүп-сүйкімді, қылықтары да керемет. Мерекелік іс-шара біткен соң әлгі хатта не жазды екен деп Аяз Ата болып жүрген ағаға көрсеттім де ертең әкеп беремін деп үйге алып кеттім. Сөйтіп үйге қайттым. Кешкісін жатар алдында сырты әдемі жазулармен, суреттермен безендірілген хатты ашып оқыдым. Білмедім, сол хатты қатты оқығым келді. Бұрындары ондай қызығушылығым жоқ еді. Әлгі сәбидің жанары көз алдымнан кетпей қойды. 

"Сәлеметсіз бе, Аяз ата! Сізді асыға күттім. Менің сізге айтар бір өтінішім бар. Сіз барлық балалардың тілегін қабыл аласыз ғой иә?? Менің жасым 6-да. Менің мектепке барғым келеді. Менің де басқа балалар секілді ойнағым келеді, сыйлық алғым келеді. Аяз Ата, маған ештеңенің қажеті жоқ. Мамам, атам, ағам бар. Әкем тастап кетті дейді анам. Аяз Ата айтшы әкем келеді ғой иә?? Әкем келсе жақсы болар еді. Бәріміз бірге қыдырар едік. Сырғанаққа барар едік. Жақында маған операция жасады. Енді балалармен бірге ойнай алатын болдым. Бірақ аздап арқам ауырады. Мамам далаға шығармайды. Ауырып қаласың дейді. Аяз Ата, сізден бір нәрсе ғана сұрайыншы. Жаңа жылда әкем үйге келсінші. Мен оны жақсы көремін. Көргім келеді. Мен оны қатты сағындым. Біз мамам екеуіміз оған ренжімейміз. Үйге қайтып келсінші...

Сәлеммен, Фариза" 


 

Бұл хатты оқып отырып көзіме жас үйірілді. Сол баланы тауып алып қатты құшақтағым келді, қолымнан келгенімше көмектескім келді. Бірақ оған еш көмектесе алмадым. Және ол қолымнан келмес те ме еді...Әкесі тастап кеткен баланы анасы жалғыз өзі тәрбиелеп бағып-қағып отыр. Оның үстіне бала науқас көрінеді. Баланы қатты аяп кеттім. Бір қарап отырсам ертегі сынды. Бірақ бұл ғаламда осындай таршылықта өмір сүрсе де ата-анасының қасында болуды ғана қалайтын бүлдіршіндер көп екен. Өмірде бұндай болуы мүмкін емес деп ойлаушы ем. 6 жасар бала ойыншық, не ұялы телефон, не қымбат бұйым сұрайды ма дегем. Қазіргі жаһандану заманында қарапайым баланың тілегінің өзі ерекше боп кетті ғой. Білмедім, тағдыр шығар дедім. Әкесіз өскеніне анасын да, өзгесін де кінәлай алмаймын. Бір білерім бала көңілі сондай аңғал. Бәрібір "асқар тауын" күтуден, іздестіруден жалықпайды. 

Сіздерге айтарым балаларды жетімсіретпейікші. Баланың не кінәсі бар? Тым болмаса Жаңа жылда болсын жетімдер үйіне барып бір күн болсын сәбилерге қуаныш сыйлайықшы. Бұны өзгелерге міндетсінбедім. Тек айтарым анда-санда болсын айналамыздағы адамдарға көңіл бөлейік. 

P.S бұл блог та, хат та ешқандай конкурс үшін жарияланбаған!!! Және суреттегі де ол қыз емес. Суреттер ғаламтордан алынды. 



Бөлісу: