Бүлдіршін ханзада

Сент-Экзюпери Антуанның "Бүлдіршін ханзада" (Маленький принц) атты кітабын оқыдым. Шынымды айтсам, ес білгелі айына кем дегенде бір кітап бітіріп жүрмін десем де, бүткіл оқыған отандық, әлемдік жазушылардың кітабы үлкендердің ойымен, көзқарасымен жазылған дүниелер. Ал мына соңғы оқыған кітабым баланың мөлдір кіршіксіз жан дүниесі, пәк көңілдің күйі, мәңгілік бала бейнесін керемет ашып, салған жерден көкейіңе қонып алады. Бүлдіршіннің логикасы, философиясы, пікірі, пайымын жеткізе білген алғашқы кітап.
Негізінде бұл үлкендерге арналған ертегі. Кітаптан үзінді:
"Үлкендерге «қызыл кірпіштен өрілген, терезелерінде жұпар исі аңқыған гүлдер өскен, ал шатырында көгершіндер қонақтаған керемет бір үй көрдім» десең, бұл оларға еш көркем көрініс туғызбайды, көз алдына елестете де алмайды. Керісінше, оларға «жүз мың долларға тұратын үй көрдім» деп айтуың керек, сонда ғана «Не деген керемет үй!» деп таңқалады".
Оқыңыздар. Кітап соңында көздеріңізге еріксіз жас үйірілетініне кепілдік беремін. Жүректі бір уақыт жібітіп тұру да әбден керек.


Бөлісу: