Бұл оқиға Орталық Африканың кедей елдерінің бірінде дәрігер болып жұмыс жасайтын мұсылман әйелдің басынан өткен екен. Оқиғаны қаз-қалпында оқырманға жеткізгенді жөн көрдім. Енді оқиғаны дәрігер әйелдің өз аузынан естісек:
«Мен Африканың мешеу дамыған елдерінің бірінде ауылдық емханада жұмыс жасайтынмын. Бірде ауруханаға жағдайы нашарлаған екіқабат әйел жеткізілді. Мезгілсіз келген толғаққа байланысты қолдан босандыруға тура келді. Әупірімдеп жүріп баласын өмірге әкелдіргенімізбен анасын аман алып қала алмадық. Бейшараның артында жылап екі жарым жасар қызы жетім қала берді. Мұнда экватордың бойы күндіз ми қайнатар ыстық болғанмен, түнде табаныңнан өтер ызғарға айналады. Шала туылған баланы сақтайтын еш құрал жоқ, инкубатор орнатуға электр қуаты да жоқ-тын бұл кедей елде. Баланы матаға орап, медбикенің бірін грелка алып келуге жұмсадым. Баланы суық түннен аман алып қалудың басқа жолы жоқ еді. Сәлден соң ол жанары жасаурап келді. Грелкаға ыстық су құйып жатқанда жарылып кетіпті, оның өзі ең соңғы грелка екен. – Жарайды, бір амалын қарастырамыз, – деп қала бердік. Сол түні отқа жақын отырып, кезекпен қызылшақа баланы денемізге басып, таңды атырдық. Ертеңіне аурухана жанындағы балалар үйіне соғып, намаз оқитын балаларды ертіп, мешітке қарай беттедік. Оларға түнде болған оқиғаны, баланы суықтан сақтау үшін грелка керек екенін, әйтпесе сәл суық өтсе баланың шетінеп кететінін, оны денемізбен жылытқанымызды айттым. Баланың апасының жетім қап жылап қалғанын да айттым. Олар мұңайып қалды. Сосын намаз оқуға кірістік. Намаз оқып болып тұра бергенімде шетте қос қолын жайып, дұға етіп жатқан он жасар қызға көзім түсіп кетті. Бүлдіршін кіршіксіз көңілден шыққан балғын тілімен:
– Ия, Алла, сенен өтініп сұраймын, кеше осында кішкентай бала туылып, анасы қайтыс болыпты. Егер грелка болмаса, ол суықтан өліп қалуы мүмкін. Бізге грелка жіберші, Алла! Және бүгін жіберші, әйтпесе ертеңге дейін жаурап өліп қалады. Сосын оның апасына бір қуыршақ жіберші, ол анасынан айрылып, жетім қалып, жылап жатыр. Қуыршақ беріп қуантшы, Сенің оны жақсы көретініңді білсін. Ия, Алла, өтінемін, тілегімді орындашы, – деп жалбарынып дұға етіп жатыр. Менің жаным еріксіз езіліп, жас қыздың жасаураған көзіне қарап, оның аппақ қардай көңіліне таңданып қарай бердім. Еш күмәнсіз орындалатынына сеніп, шын жүрегінен ақ тілектері төгіліп жатыр. Бірақ тігерге тұяғы жоқ, бір жапырақ нанға зар мұндай кедей елде бұл тілектің орындала қоюы екіталай секілді көрінді. Аллаһтың шексіз құдіретіне шәк келтірмеймін, бірақ тілектің де қолжетімдісі, қол жетпейтіні болады ғой. Бір жағынан қыздың шынайы тілегі санамда тұрып алып, дүдамал күйде мешіттен шықтым.
Жұмысыма барып оқушыларыма медициналық жәрдем туралы сабағымды бастап кеттім. Бірер сағаттан кейін бір адам келіп менің үйімнің тұсына машина келіп, бір зат тастап кеткенін айтты. Үйім жақын болған соң жүгіріп барсам, машина кетіп қалыпты. Өз көзіме өзім сенбей қалдым, салмағы 22 келіден асатын үлкен сәлемдеме тастап кетіпті. Біреуден бірдеңе сұрап хат жібермеген едім, ешкім де маған сәлемдеме жіберем демеп еді. Сәлемдеменің аузын шешем дегенше жаныма әлгінде бірге намаз оқыған балалар жиналып, топталып қалды. Арасында бағанағы он жасар қыз да бар. Көңілім алабұртып толқып, босай бастағанын сездім. Аузын шешіп ішіне қолымды салып, сыртқа шығара бастадым, балалар әр қимылымды қалт жібермей қарап тұр. Алдымен қолыма іліккені киімдер болды. Оны балаларға үлестіріп бердім, олар шат-шадыман қуанышты күйге бөленді. Сонымен қоса, біраз медициналық құралдар, жабдықтар, азықтар салып жіберіпті. Қолымды қайта салғанымда, бір затқа тие беріп, бүкіл денем суып сала берді. Жоқ, бұл мүмкін емес! Қолым қалтырап, суырып алып шыққаным...жап-жаңа резеңке грелка еді. Көзімнен еріксіз жас сорғалап аға берді. Грелканы көрген балалар шуылдасып, қуанып кетті. Өз-өзімді ұстай алмай грелканы ұстаған қалпы қатып тұрып қалсам керек. Ана қыз жүгіріп келіп:
– Айттым ғой! Айттым ғой, Алла жібереді деп. Әне, айттым ғой! – деп грелканы ұстай берді. Мен көзімнен аққан жасты сүртумен әлекпін. Бір кезде қыз: – Айтпақшы, қуыршақ қайда, қуыршақ? – деп қолын қаптың ішіне сүңгітіп жіберіп, кішкентай әдемі қуыршақты суырып алса бола ма! Жүрегім толқып кетті. – Әй Алла, рахмет! Айттым ғой жібереді деп! – деп қуыршақты ұстай берді де: – Тәтей, қуыршақты кеше туылған баланың апасына апарып берсем бола ма? Алла оны да жақсы көретінін білсінші, – деді. – Айналайын, әрине бере ғой, – деп көңіліне еш күдік ұяламаған қыз балаға қарап егіле бердім. Ол қуыршақты құшақтаған күйі қуанып жүгіріп кетті. Мендей дап-дардай әйелге кім қуыршақ сала қойсын. Таңданысымды жасыра алмай, кімнен келгеніне қарай бердім. Сәлемдемені Оңтүстік Африкадағы оқушыларым салыпты. Оның келіп жетуі үшін жарты жылдай уақыт кететін. Грелканы алыстағы басқа бір әріптесім, қуыршақты бір оқушым салған екен. Екеуінің тура керек уақытында, дәл мезгілінде келгенін қарасаңшы. Құдайдан шынайы жүрекпен тілеген он жасар қыздың тілегінің орындалып, қуыршақ пен грелканың сол күні-ақ келіп жеткені мен үшін өмірімдегі бір таңғажайып керемет оқиға болды».
Мейірімді Аллаһ Тағала қасиетті Құранда: «Сендер дұға жасамай жатып, мен сендердің тілектеріңе жауап берем» деген. Ендеше біз де шын көңілден тілей білсек, Жаратушының сарқылмас қазынасының қақпасы айқара ашылатыны осы оқиғадан менмұндалап тұрғандай.