Бұлардікі не махаббат?!

Жаздыгүні енем бір жиынға барып бұрқылдап ашуланып келген. Себебін сұрағанымда жағдай былай болыпты: Енем әлгі жиын өткен тойханадан шығып аялдамаға келсе онда жас жігіт пен қыз құшақтасып жабысып отыр екен. Аялдаманың екі жақ сыртында ортадан асқан 2 апай тұр дейді ана екеуінен ұялып. Күн ыстық, 70-тегі адам оңсын ба, шаршаған енем ана екеуінің жанына барып отырған ғой, сөйтсе әлгі «екі ғашық» айылдарын жимай енемнің жанында аймаласып отыра беріпті. Енем де автобус келгенше екеуіне бақырайып қарап отырыпты. Үйге келіп бір ашуланады: Өлетін түрлері бар сонша жабысып! – дейді. Мен «апа-ау, олардікін махаббат дейді» - деймін ғой құтыртып. «Өйткен махаббат-сахаббатары бар болсын, қараң қалғырлардың» - деді.

Бұл әңгіме ұмыт болған ғой, жақында болған тағы бір оқиғалардан кейін менің де ашуым келе бастады.

Жиен сіңілім менің жұмысыма жақын жерде оқитын еді, сабақтан босағанында маған жұмысқа жаныма келіп жағдай сұраса бастағанымыз сол еді телефоны шылдырады. Одан кейінгі әңгіме былай болды: Ау, ия, жатақханадамын, (арасында тыңдап алады үндемей), айтып ем ғой мен жақта істейтін әпшем бар деп ше, ия, соған келгем, әпшеме келгем, әпшеме келдім дейм, туған әпшем ғой, маманың сіңлісі, (мен жұмысымды жалғастыра бердім бірақ сіңілімді тыңдап отырмын), жай, көріп кетейін деп, қазір қайтам, (мен жақтырмай қарап ем сіңілім ары кетіп сөйлесті) қазір қайтам деймін, қайтам ғой қазір, қазір «жақсы» деймін де қайтам, міне қайтып бара жатырмын, жарайды, тұтқаны қоймайм, қазір қоштасайын сосын шығам, қазір шыққасын сөйлесем» - телефонын қолына ұстаған күйі: «әпше, не ғой, мен кеттім, тағы келем ғой» дейді. Мен ашулы түрмен «Кім?» десем «Дархан» дейді. Біліп тұрсам да сұрап ем, ашуланғаным-ай. «Аузын айырып жібермейсің бе? Кім ол саған, күйеуің бе, әкең бе? Немене пәле ол? Әлден бүйтсе, ертең қайтеді?» - әбден ұрыстым. Үндемейді. Кетті сіңілім. Ойланып мен қалдым.

Кеше тағы сондай бір оқиға болды. Жұмыстан қайтарда автобуста (автобус дейтін автобус та емес, біз жақта тек Газель ғой), адам көп, қысылып, өзі пәс көлік, тұрып тұрғандарымыздың мойнымыз қайырылып, желкеміз қиылып әрең келе жатырмыз. Бір жігіт телефонмен сөйлесіп келе жатыр сол арада. Түсінгенім сөйлесіп келе жатқаны жүретін қызы болмаса қызы болайын деп жүргені. «Айта бер, ия тыңдап тұрмын, содан, ия сондай ғой, (анаусы сезімін сұрайды-ау деймін) ия, сондай деймін, (арасында көлік ырғығанда қолынан телефоны түсіп кетіп қайта алады, сонда да қоймайды шіркін) ия тыңдап тұрмын ғой, сөйлеп жатырмын ғой. (қарық қып сөйлесіп жатқан да жоқ, сол арасында ия,ия, ы,ы, содан.... дегені көп,  қызық та әңгіме емес анау.)

Сөйлескенін қызғанбайсың ғой, бірақ көлік ішінде өзі әбіржіп, жанында тұрғандардың ашуына тиіп келе жатыр да. Қоя қойып түскесін сөйлессе де болар еді ғой.

Ойпырмай, бар ұятты жинатып кез-келген жерде бір-біріне жабыстырып қоятын, Құдай қосып қосақтамай жатып бір-бірінің айтқанын жасатып, бағындырып қоятын, жаны қиналып тұрса да телефонын құлағынан ажырата алмайтын бұл не деген махаббат деймін де.

Басқаны қайдам, маған бұл тірліктер ерсі көрінді, туыстар.



Бөлісу: