Бұл топ басқа топтардан өзгеше..
блог
Құрметті менің Массагеттік достарым! Мақсатына Массагетпен бірге жетуге асыққан, сол үшін еңбектеніп, талпынып жатқан қазақ елінің әр түкпіріндегі менің жаңа достарым,тәлімгерлер мен ұстаздар, ағалар мен әпкелер! Қазақта "Сәлем - сөздің анасы" демей ме? Ендеше барлықтарыңызға СӘЛЕМ!
Алдымен, Массагет порталы ұйымдастырған осындай керемет байқау үшін алғыс айтамын. Қазақстанның әр жерінен өзімізге дос тауып, бір үйдің балаларындай, туған бауырлардай болып кетуге мүмкіндік бергені үшін. Бір-бірін мүлде көрмеген жандардың бір-бірі үшін жан беруге даяр достарға айналғанын айтсам сенесіз бе? Әй, сенбейсіз-ау. Жә, бұл өз еркіңіз.
Тақырыпта бұл топ басқа топтардан өзгеше дегенге ойыңызда "неліктен?" деген сұрақ қалыптасып үлгерген шығар. Онда, себебін айтайын, біз бұл байқауда өткен жылы да бағын сынаған жастармыз. Биыл Массагет басшылығы бізге тағы да топ жасақтап қатысуымызға өз келісімдерін беріпті. Бұл үшін де оларға айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар, біздің топтың келесі өзгешелігі-бізде жетекші болмайды. Сондай-ақ, бізге өткен жылы жетекшілік еткен Ербол Молдажанов, Нұрбол Нұрмаханұлы, Қарлыға Бүйенбай, Жолдас Өрісбаев, Шерхан Талап секілді аға-әпкелерімізге алғысымды білдіргім келеді.
Жә,біресе бәріне алғыс білдіріп, біресе өткен жылғы байқауды еске түсіріп тақырыптан ауытқи бердім-ау. Ендеше көпке созбай сіздерді "Жас қазақ" тобының қатысушыларымен таныстырып өтейін:
1) Сапарова Назым. "Жас қазақ" тобының капитаны. Ақмола облысының Зеренді ауданында туып-өскен. Арамыздағы ең белсенді, ойы ұшқыр қыз. Массагет порталында да өзінің өткір пікірлерімен танылып жүрген сұлулардың бірі.Бала кезінен кітап оқығанды жақсы көреді.Өз біліктілігінің арқасында мақсаттарына жететініне сеніміміз мол.
2) Жолдасов Зелимхан. Тобымыздың атауын ойлап тапқан сегіз қырлы, бір сырлы жігіт Сарыағаш қаласының тумасы. Өзінің ашық-жарқын мінезінің арқасында кез-келген жанмен тіл табысады. Нағыз патриот жігіт, еліміздің жарқын болашағының кепілі. Зелимханның да мақсаттарына жетуіне тілектеспіз.
3) Құрманбек Гүлдәрі. Гүлдәрі сыр елі атанған Қызылорданың тумасы. Өзі кез-келген істі үйіріп алып кетеді. Оның керемет дауыстың иесі екенін де айтпай кетуге болмас. Ибалы да инабатты Гүлдәрінің бойында қазақ қызына тән барлық керемет қасиеттер бар.Болашақ мамандығыңның маманы болуға тілектеспіз. Біз саған сенеміз!
4) Ерболған Жадыра. Табиғаты тұмса Талдықорған қаласының тумасы. Аты затына сай, үнемі жадырап жүретін Жадыра ғылымға қызығады. Өзінің жібектей мінезімен қатар сөз саптауы арқылы бәрімізді өзіне тез баурап алды. Жадыра өзінің ғылымға деген қызығушылығы арқылы Қазақстанды әлемге танытатынына шүбәсіз сенеміз.
5) Сейтбек Мәлік. Тобымыздағы ең зерек жігіттердің бірі. Өзінің медицина саласына, оның ішінде халық емшілігіне деген қызығушылығымен белгілі.Оның себебі, жер жәннаты Жуалыда туып-өсіп, сол өлкенің дертке дауа шөптерін зерттеп өскендіктен болар. Мінезінде өзіне тән ұстамдылық пен сабырлылық бар. Армандарың орындалып, мақсаттарыңа жете бер!
6) Баймахан Арай. Тобымыздағы ең жайдарлы, ақкөңіл қыз .Арай Жамбыл облысы, Меркі ауданында туып-өскен. Мінезінде жайдарлылықпен қатар шындықты бетке айту да бар.Өзінің сондай-ақ саяхаттауға жаны құштар. Арайға тілеріміз, өмірдің белестерінен сүрінбей өтіп, мақсаттарыңның биігіне жет!
7) Ерболған Ақерке. Тобымыздың ең кішкентай тәтті қызы. Кішкентай болғанына қарамастан, өзі әрі пысық. Талдықорған қаласының тумасы. Тыным таппай үнемі түрлі іс-шаралар мен байқауларға қатысып жүреді. Үздік оқушы екенін де айтып өтейін. Әлі жас екеніне қарамастан жеткен жетістіктері көп. Ақеркенің әлі талай асуды бағындырары хақ.
8) Олжабек Жансая. Жансая деген мен ғой. ОҚО, Ордабасы ауданында туып өстім. Өзің жайлы бірнәрсе айту қиын екен. Жә, мен жайлы басқалар айта жатар.
Міне, біздің топпен танысып шықтыңыздар. Алдағы уақытта мақсатымызға жетіп үздіктердің қатарынан көрінетінімізге сеніміміз мол. Барлық топтарға сәттілік тілейміз!