Бұл солай...

Бұл солай...
жеке
блог
Негізі «студент» деген  сөз латын тілінен аударғанда «жан-тәнімен беріліп жұмыс істейтін жан» деген мағынаны береді  екен. Олай болса сол беріліп жұмысқа кірісетін жас жандар жайында бір-екі сөздің басын  құрайық.

Университетке студенттер әр жақтан келеді. Бірі жатақханадан, бірі маршрутпен үйден келеді. Егер сабақ таңертеңгілік болса, мейлі тіпті түстен кейін де болсын, қалай ойлайсыз қай студенттер кешігіп келеді? Жоқ, алыста үйлерінен маршрутпен келетін студенттер емес. Олар міндетті түрде ерте шығып «кешігіп қалмайық» дейді. Кешігетіндер «жақын ғой, міне шығамыз» дейтін жатақханада тұратындар. Иә, бұл солай...

Дәріс оқылатын кездері конспект жазатындар бар және де жазбайтындар бар. Ал аралық бақылау кезінде бақылауға кімдер ұйқы көрмей дайындалады деп ойлайсыз? Жо-жоқ, дәрісті қалдырмай жазатындар емес  керісінше жазбайтындар. Себебі олар он бес дәрістің конспектісін жазып шығу керек және жазып шығады да. Иә, иә... Бұл да солай!

Семинар сабағы кезінде дайын болып, тақырыпты толық меңгеріп келген студенттер 90-93 деген бағаға қанағат тұтады. Ал дәл сол сәтте импровизация жасап, өзінің алдында айтқан оқымыстылардан қайталап беріп, 95-тен жоғары балл алып кететін жолы болғыштар да бар.

Сессия кезінде... Экзаменатор кіреді аудиторияға, оны көріп қатты алаңдап сасатын студенттер бар. Кімдер дейсіз ғой?  Алдын-ала берілген билет  сұрақтарымен мүлде таныстығы жоқ , кіргенде қасындағылардан «Жауаптарын берші?» деп кіретін студенттер отырады, тыныш көшіріп. Әбден дайын болып, тіпті «Өзіме сенімдімін.» деп кіреді де мұғалімнің алдына барғанда қолдары дірілдеп, сасқанынан ұмытыпта қалады. Иә, оқитын, дайындалатындар... Бұл студенттер шынымен сондай.
 
Бұларды факт десе де болар. Университет қабырғасында жүріп мынаны ұқтым: Енді сені ешқашан анаңның ұяң даусы құлағыңа келіп «Мектепке кешігесің, тұра ғой!» деген жағымды сөздері оятпайды. Сондықтан да сен балалық шағыңның тәтті естеліктерін жүрегіңнің бір түпкіріне тығып қойып «жан-тәніңмен беріліп жұмысыңды істеуің» керек.
 
«Мектеп қабырғасы», «Университет»... бұлар тек сенің өміріңе жазылған «Алғы сөз» секілді. Үлкендер айтпақшы, шынайы өмір сәл кейін басталады. «Алғы сөздің» керемет болып жазылуына ат салыссақ кейінгі өмірдің гүлдері жайқалып өсер бәлкім. Бұл да солай болар...