Ата-анамыз бен туыстарымыздың айтатын ақылдары әдетте ұқсас болады. Олардың жаттанды естілетіні соншалық, мұндай ақыл-кеңестерге көп мән бере бермейміз.
Ал мына кісілер көпшілік айтатын ақыл-кеңестерге қарсы шығады. Ата-анамыз сабақты үздік оқы десе, бұлар үздік оқудың қажеті жоқ дейді. Неге екенін осы посттан оқып біле аласыздар.
Студенттерге арналған бұл ерекше ақыл-кеңестерді Businessinsider.com сайтында Maggie Zhang есімді журналист топтастырған. Оның жазғандарын қазақ тіліне ықшамдап аударып беруді жөн санадым.
- "Сабақтан келе салысымен бірден үй тапсырмаларын орында", - дейді бізге достарымыз. Бірақ, әр адам әртүрлі. Бірінің миы түнде жақсы істейтін болса, бірі күндіз жұмыс істегенді ұнатады. Сондықтан, қай кезде сабақ оқитыныңызды өзіңіз шешіңіз – Ben Jones.
- Көп студент келесі курсқа өтпей қалудан өлердей қорқады. Себебі, өсектің астында қаламын деп ойлайды. Одан ұялудың қажеті жоқ. Қазір кез келген студент қалаған уақытында үзіліс жасауға құқылы. Сондықтан, қаласаңыз, бір жыл академиялық үзіліс алып, сол уақытты жұмыс істеп тәжірибе жинауға, саяхаттауға пайдаланыңыз. Бір жылдан кейін оқуды келген жеріңізден жалғастырып кетесіз - Edgar Wang.
- Үздік оқуға талпынудың қажеті жоқ. GPA-іңіз 3,5-нан асқаннан кейін ары қарайғы алған бағаларыңыздың маңызы аз. Мысалы, жұмыс берушіге сіздің балыңыз 3,5 болса да, 3,7 болса да – екеуі бірдей болып көрінеді – Marli Creese.
- Бөлмеңнің есігі әрдайым ашық болсын. Жұртпен танысудан қашпа. Жабық болма, ашық бол. Сабақ деп бөлмеден шықпай отыра бергеннен гөрі жұртпен танысып, аралас - Chelsea Hunersen.
- Оқудан гөрі жақсы, білімді адамдармен танысып, дос болуға көбірек көңіл бөл. Себебі, оқуды бітіргеннен кейін дос табу қиын болады. Сондықтан, бұл мүмкіндікті пайдаланып қал - Rob Edell.
- Арасында мұңайып тұрған да жақсы. Көңілсіз жүруден қорықпа. Көп адамға үйінен жыраққа кету оңай емес. Жаңа ортаға бейімделу қиын. Сондықтан, тек көңілді жүруім керек деп өзіңді қинама - Meredith Winn.
- Теледидар қарама. Айналаңда өмір қызып жатқанда теледидар қарап жатқаның болмас. Бұл - уақытты құр босқа өлтіру, пайдасы аз іс. Қараған күннің өзінде достарыңмен отырып көруге тырыс. Сонда ең құрығанда олармен қарым-қатынасыңды жақсартуға мүмкіндік аласың - Daniel Wetterstrom.
- Жұртпен араласуды үйрен. Себебі, кісімен араласа алмаған адамның болашақта бірдеңеге жетуі екіталай. Бұл оңай болмауы мүмкін. Бірақ, құрбыларыңмен дұрыс қарым-қатынас жасауды зерттеп, үйрен - Chelsea Hunersen.
- Университетіңмен мақтанба, университет сенімен мақтанатындай болуға талпын. Күш-жігеріңді мықты маман, адамгершілігі мол азамат болып тәрбиеленіп шығуға сал - Debarghya Das.
Ескерту: Кейбір ойлар қазақ қоғамына сай етіліп адаптацияланған