Бұл кездегі діндердің бәрі нашар...

Бүгінгі қозғайтын тақырып, мен жазатын тақырыптан өзгерек. Әдетте мен дін туралы әңгіме-дүкендерге қатыспауға тырысамын. Жоқ, мен атеист емеспін. Тек ол тақырыпты қозғау үшін білімім жеткіліксіз, толық емес деп есептеймін.

Бірақ нақты мүдермей айта алатыным, ол - адам басқа біреудің өміріне балта шабуға ҚҰҚЫСЫ жоқ!

Сіз білесіз бе? БҰҰ Жаңа мыңжылдықтың жаһандық 8 басты мәселелерін көш бастап тұрған - терроризм.

Көкейімде жүрсе де, жазуға жүрексінетін едім. Алайда, 15 қаңтардағы аумағы 273 мың шаршы шақырымды құрайтын, ешкім есіне алмайтын Буркина- Фасодағы теракт жазбама түрткі болды.

Біреудің анасы, әкесі, біреуге бауыр, біреуге қарындас 29 адамның өмірі қиылды...

Иә, мен қорқамын. Өзім үшін емес, менен кейін келетіндер үшін. Бұлай жалғаса берсе, ары-қарай не болмақ?! Үлкенді, кішілі, әйелі бар, ері бар, не себепті барлығы қан төгудің жолында?! Бұл сұрақтарға қанша ойлансам да, жауап бере алмасым анық.

Тек қайталап айта беретінім- Шәкәрім Құдайбердіұлының мына бір өлеңі.

Бұл кездегі діндердің бәрі нашар,

Ешбірі түзу емес, көңіл ашар.

Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді

Тексерсең, ойың түгіл, жаның сасар.

Әлемдегі діндердің түп мақсұты

Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:

Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын.

Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар.

Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп, дұспандық қару жасар.

"Інжіл", "Құран" - бәрі айтып тұрса-дағы

Адасып, ардан күсіп қара басар.

Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді

Дін десе білімділер тұра қашар

Ешбір дін өйтіп дұспан бол демейді,

Қанеки, бұл сөзіме кім таласар?

 Меккеге барған қажы Шәкәрім ата тура осы кезді айтып кеткендей.

Бұл постты жазудағы мақсатым- комментарийлерде дінге, терроризмге қарсы баталия жасау емес, тек жалған сөзге еріп кетпеуден аулақ болуларыңызды өтініп, сұрау.

Құрметпен, Miss Zee.



Бөлісу: