Субмәдениет дегеніміз-қоғамнан оқшауланған өзіндік өмір сүру дағдысы бар, өмір сүріп жатқан қоғамдағы мәдениеттен өзгелеу, тіпті кейде оған наразы жастардың белгілі бір тобы жасаған мәдениет. Бұндай топтар өздерінің сөйлеу әдебімен, киім киісімен және басқа да белгілерімен ерекшеленеді. «Субмәдениет» терминін 1950 жылы американдық социолог Дэвид Райзман ғылымға енгізген екен. Субмәдениеттің негізгі тірегі-жастар. Сол жастар арқылы жаман мәдениет жасап, былайша айтқанда «алдыңғы қатарлы озық» мәдениет арқылы қоғамға ықпал ету. Яғни, бастапқыда аталған сөздер субмәдениеттің түрлері болып есептеледі.
Алғашқы кезде субмәдениеттiң қалыптасуына музыкалық топтар әсер еттi. Мәселен, 1980 жылдан бастап Америкада роктың жаңа бағыты готик-рок өмiрге келдi. Нәтижесiнде готтар субмәдениетi қалыптасты. Бұл мәдениеттi ұстанатындар готикалық әуендерге және мистикаға жақын келедi. Басты өзгешелiктерi – киiмдерi қара түстi, металл бұйымдарды тағуы және өздерiне тән макияж жасауында. Сондай-ақ, ең басты қолданыстағы атрибуттары – анх символы, адамның бас сүйектерi, жарқанат және пентаграммалар. Олардың өздерiне тән музыкалық әуендерi де жетерлiк.
Дүниежүзiнде готикалық мәдениеттiң дамығаны соншалық, жыл сайын 25 мыңға жуық адам Германияның Лейпциг қаласында “Wave Gotik Treffen-WGT” атты фестивальге жиналады. Әйткенмен, готтардың субмәдениетiн қоғам жылы қабылдамады. Себебi олар суицидтi, депрессияны, сатанизмдi насихаттайды. Психологтардың пiкiрiнше, аталған топ өкiлдерi үнемi психологиялық күйзелiсте жүредi.
90-жылдардан бастап жастар арасында эмо-кидтер мен киберпанктер субмәдениеті кең етек жайды. Қазіргі таңда эмолар мәдениеті ең жас болып есептелінеді. Соған қарамастан, жастар арасында аталмыш мәдениетке бой ұрғандар саны аз емес. Өйткені, жыл санап қоғамда жастардың білімнен алшақтауы белең алып барады. Көпшілігінің музыка мен білім-ғылымнан хабары болмағандықтан да «қараңғыда жеген тамақтың бәрі дәмді» демекші, қолы жеткен мәдениетінің жанына жармасып кете барады.
Әр топтың өзіндік насихаттайтын мәдениеттері болғандықтан да субмәдениет өкілдері өз мәдениеттерін дамыту барысында өзіндік киіну стильдерін, тілдерін, белгілерін, сонымен қатар ұйымға ортақ өмірлік ұстанымдарын анықтайды. Имидждері мен жүріс-тұрысының өзі өзге адамдар арасынан анық көрініп тұрады. Имидж-бұл субмәдениет өкілдері үшін жай ғана киім емес, бұл өз кейпімен өзінің мәдениетін насихаттау болып табылады. Мысалы, ұзын қонышты Dr.Martens бәтеңкелері бастапқы кезде скинхедтердің ортасында танымал болған.
Кейбір субмәдениет өкілдерінің арасында келіспеушіліктердің туындап отыруы заңды құбылыс. Оның басты себебі-музыкалық талғамдарының әртүрлілігі, соған сәйкес олардың өмірге көзқарастары да әр түрлі. Мәселен, панктер мен рэпперлердің музыкалық талғамының бір арнада тоғысуы ешқашан мүмкін емес. Субмәдениет өкілдері бір-бірімен қақтығысқа түскен жағдайда олардың насихаттап жүрген агрессивті топтардың идеология құралына айналады. Мұндай топтар кейде экстремистік қауіптерге де баруы мүмкін.
Қазақстандағы субмәдениет жастардың батыс мәдениетiне елiктеуiнен, әр түрлi сән үлгiлерiне, әуендерiне қызығушылығынан туған. Елiмiзде, әсiресе, өрiмдей жастардың арасында рэппер мәдениетi кең етек жайған. Дегенмен, мұндай әуендi тыңдағанда “жастарға рэп несiмен қызықты екен?” деген сұрақ туады. Сонымен бiрге бұл мәдениеттiң астарында ұлттық мәдениеттен ада, халықтық салт-дәстүрден мақұрым, ұлттық музыка өнерiнен хабарсыз жас ұрпақтың тағдыры жатқандай.
Сүттей ұйып отырған қазақ елінде әр түрлі сырттан енген субмәдениеттердің кең қанат жаюына жағдай жасап, мүмкіндік бергеніміз соншалық, соңғы кезде облыс, республика орталықтарында жиналып, олар өздерінің басқосуларын өткізіп тұрады.
Жоғарыда аталған жастар ұйымдары субмәдениеттің дүние жүзінде көп тараған түрлері ғана. Ал біздің Қазақстанда арамызға сыналап еніп жатқан біз білмейтін әлі талай ұйымдардың бар екені рас.
Арамызда осындай жастардың көбеюі қауіпті мәдениеттің ұлт арасында қаулап өсіп келе жатқандығын байқатады. Адам денесіне түрлі суреттер салу түрмеде отырған бұзақылардың, баскесерлердің дене суреттері арқылы олардың мәдениетін ел арасында насихаттау қай жетіскендігіміз?
Шынын айтсақ, дәл қазiр жастар саясаты жөнге қойылмаған. Жастар ұйымдарының саны бар да, сапасы жоқ. Өмiршең емес. Бүгiн ашылып, ертең жабылып жатады. Ұлттық, елдiк, мемлекеттiк мәселелердi емес, жеке бастың мүддесiн көздеудi мақсат еткендей. Тiптi жастардың өмiрiне, болашағына керi әсерiн тигiзетiн, мысықтабандап келген субмәдениеттiң республикамызда дамуына шектеу қоятындай арнайы заң жоқ. Екшеп-текшейтiн, қадағалап, тиiмдi-тиiмсiзiн сараптап қадағалайтын мемлекеттiк орган тағы жоқ.
Шаттық Ашықбаева