Бұл қандай мәдениет?

Бұл қандай мәдениет?
жеке
блог

 

       Субмәдениет дегеніміз-қоғамнан оқшауланған өзіндік өмір сүру дағдысы бар, өмір сүріп жатқан қоғамдағы мәдениеттен өзгелеу, тіпті кейде оған наразы жастардың белгілі бір тобы жасаған мәдениет. Бұндай топтар өздерінің сөйлеу әдебімен, киім киісімен және басқа да белгілерімен ерекшеленеді. «Субмәдениет» терминін 1950 жылы американдық социолог Дэвид Райзман ғылымға енгізген екен. Субмәдениеттің негізгі тірегі-жастар. Сол жастар арқылы жаман мәдениет жасап, былайша айтқанда «алдыңғы қатарлы озық» мәдениет арқылы қоғамға ықпал ету. Яғни, бастапқыда аталған сөздер субмәдениеттің түрлері болып есептеледі. 

Алғашқы кезде субмә­дениеттiң қалыптасуына музыкалық топтар әсер еттi. Мәселен, 1980 жылдан бастап Америкада роктың жаңа бағыты готик-рок өмiрге келдi. Нәтижесiнде готтар субмә­дениетi қалыптасты. Бұл мәдениеттi ұстанатындар готикалық әуендерге және мистикаға жақын келедi. Басты өзгешелiктерi – киiмдерi қара түстi, металл бұйымдарды тағуы және өздерiне тән макияж жа­сауын­да. Сондай-ақ, ең бас­ты қолданыстағы атрибуттары – анх символы, адамның бас сүйектерi, жар­қанат және пентаграммалар. Олардың өздерiне тән музыкалық әу­ен­дерi де жетерлiк.

Дүние­жүзiнде готикалық мәде­ниет­тiң дамығаны соншалық, жыл сайын 25 мыңға жуық адам Германияның Лейпциг қаласында “Wave Gotik Treffen-WGT” атты фестивальге жиналады. Әйт­кен­мен, готтардың субмә­дениетiн қоғам жылы қабылдамады. Себебi олар суи­цид­тi, депрессияны, са­танизмдi насихаттайды. Психологтардың пiкiрiнше, аталған топ өкiлдерi үнемi психологиялық күйзелiсте жүредi.

90-жылдардан бастап жастар арасында эмо-кидтер мен киберпанктер субмәдениеті кең етек жайды. Қазіргі таңда эмолар мәдениеті ең жас болып есептелінеді. Соған қарамастан, жастар арасында аталмыш мәдениетке бой ұрғандар саны аз емес. Өйткені, жыл санап қоғамда жастардың білімнен алшақтауы белең алып барады. Көпшілігінің музыка мен білім-ғылымнан хабары болмағандықтан да «қараңғыда жеген тамақтың бәрі дәмді» демекші, қолы жеткен мәдениетінің жанына жармасып кете барады.

Әр топтың өзіндік насихаттайтын мәдениеттері болғандықтан да субмәдениет өкілдері өз мәдениеттерін дамыту барысында өзіндік киіну стильдерін, тілдерін, белгілерін, сонымен қатар ұйымға ортақ өмірлік ұстанымдарын анықтайды. Имидждері мен жүріс-тұрысының өзі өзге адамдар арасынан анық көрініп тұрады. Имидж-бұл субмәдениет өкілдері үшін жай ғана киім емес, бұл өз кейпімен өзінің мәдениетін насихаттау болып табылады. Мысалы, ұзын қонышты Dr.Martens бәтеңкелері бастапқы кезде скинхедтердің ортасында танымал болған.

Кейбір субмәдениет өкілдерінің арасында келіспеушіліктердің туындап отыруы заңды құбылыс. Оның басты себебі-музыкалық талғамдарының әртүрлілігі, соған сәйкес олардың өмірге көзқарастары да әр түрлі. Мәселен, панктер мен рэпперлердің музыкалық талғамының бір арнада тоғысуы ешқашан мүмкін емес. Субмәдениет өкілдері бір-бірімен қақтығысқа түскен жағдайда олардың насихаттап жүрген агрессивті топтардың идеология құралына айналады. Мұндай топтар кейде экстремистік қауіптерге де баруы мүмкін.

Қазақстандағы субмәдениет жастардың батыс мәде­ниетiне елiктеуiнен, әр түрлi сән үлгiлерiне, әуен­дерiне қызығушылығынан туған. Елiмiзде, әсiресе, өрiм­дей жастардың арасында рэппер мәдениетi кең етек жайған. Дегенмен, мұндай әуендi тыңдағанда “жастарға рэп несiмен қызықты екен?” деген сұрақ туады. Сонымен бiрге бұл мәдениет­тiң астарында ұлттық мәдениеттен ада, халықтық салт-дәстүрден мақұрым, ұлттық музыка өнерiнен хабарсыз жас ұрпақтың тағдыры жат­қандай.

Сүттей ұйып отырған қазақ елінде әр түрлі сырттан енген субмәдениеттердің кең қанат жаюына жағдай жасап, мүмкіндік бергеніміз соншалық, соңғы кезде облыс, республика орталықтарында жиналып, олар өздерінің басқосуларын өткізіп тұрады.

Жоғарыда аталған жастар ұйымдары субмәдениеттің дүние жүзінде көп тараған түрлері ғана. Ал біздің Қазақстанда арамызға сыналап еніп жатқан біз білмейтін әлі талай ұйымдардың бар екені рас.

Арамызда осындай жастардың көбеюі қауіпті мәдениеттің ұлт арасында қаулап өсіп келе жатқандығын байқатады. Адам денесіне түрлі суреттер салу түрмеде отырған бұзақылардың, баскесерлердің дене суреттері арқылы олардың мәдениетін ел арасында насихаттау қай жетіскендігіміз?

Шынын айтсақ, дәл қазiр жастар саясаты жөнге қойыл­маған. Жастар ұйымдарының саны бар да, сапасы жоқ. Өмiршең емес. Бүгiн ашылып, ертең жабылып жатады. Ұлттық, елдiк, мем­лекеттiк мәселелердi емес, жеке бастың мүддесiн көз­деудi мақсат еткендей. Тiптi жастардың өмiрiне, болашағына керi әсерiн тигiзетiн, мысықтабандап келген суб­мәдениеттiң республикамызда дамуына шектеу қоятындай арнайы заң жоқ. Екшеп-текшейтiн, қадағалап, тиiмдi-тиiмсiзiн сараптап қадағалайтын мемлекет­тiк орган тағы жоқ.

 

 

Шаттық Ашықбаева