"Жапырақ кешу" бөлімінен...
Әлдекім атымды атап шақырғандай,
Әлдекім қасыма кеп отырғандай,
Тұрамын жалт қарауға дауаламай,
Көзімді ашуға да дәтім бармай.
Білемін, сіз емессіз, бөтен де емес,
Бөтен жан басын бұрып «көкем» демес,
Жүректі сағынышпен дуалайды ол,
Сол сезім кетер емес, кетем демес.
Елегзіп, жоқ нәрседен тыз етер бой,
Күмәншіл дүниені күзетер ме ой?!
Іңірде елеңдеткен сіз бе десем,
Сіз емес, күз екен ғой, күз екен ғой...
***
Білмеймін, өзгердің бе, өзгердім бе,
Кезеңге өзгешелеу кез келдім бе,
Күз менің қоңыр көзді құрбым еді,
Тарсаның торғын бағын кезген бірге.
Жоғалтып жазда бірін, жолда бірін,
Көбінен көз жазыппыз қолдағының,
Құрбыжан қоңыр көзді күзім еді,
Қарайды қоңылтақсып ол да бүгін.
Сөнгенмен талай сезім, шоғы қалды,
Бұл жүрек шоқ қарымас болып алды.
Өте алмай қалдым көбін жаздан алып,
Жете алмай жазған күнге көбі қалды.
Жазымның жалғыздығын алып ұштым,
Құрбымды қоңыр көзді тағы құштым...
...Ғафу ет, жеткізгелі келіп едім,
Дәуірі басталғанын сағыныштың!
***
Жаңбыр, жаңбыр – жалқы жүрек, жалғыз мұң,
Жалғыз мұңға күз суретін салғыздым.
...Жерге түскен жапырақты көтерші,
Мұңымыздан ауыр емес ол біздің!
Күзгі аспанның күрсінісін, кемсеңін,
Жүрекке сап салмақтадым, өлшедім.
...Құлап жатқан тамшыларды көтердім,
Көз жасыңнан ауыр емес ол сенің!
Күзді арманға сенбейді деп кім айтты,
Бізді арманға сенбейді деп кім айтты!
...Алматыға жауған жаңбыр неліктен,
Астанада жүрген мені мұңайтты?
***
Күн көшті ме, әлде өзім көштім бе,
үнсіз қалдым, ескі мұңды кештім де...
Ескертпеді ешкім күздің келерін,
ескертіп мен үлгермедім ешкімге!
Көшті, көшті, не көшкенін білмедім,
Босағаның неге өшкенін білмедім,
Қанатына оранды ма құстарым,
сабақтарын жамылды ма гүлдерім?
Көкті бұлыт, жүректі мұң, жерді сыз
билегені, билегені – сенгісіз!
...Бұл қалада гүлдер әлі солған жоқ,
Кімді күтіп жүргеніміз... белгісіз...