"Бұл жоба менің інілік қамқорлығым мен ағалық назымнан туындаған жоба" - Мұқаш Бекенұлы
блог
Мақсаты: қыздар арасында әлеуметтік мәселелерді талқылау, жасөспірімдер арасында неке және отбасы құндылықтарын насихаттау, сонымен қатар, мектеп бітіруші қыздарға кәсіптік бағыт – бағдар беру.
Қыздар конгрессінің отырысы үш бөлімнен тұрды, олар – білім және медицина мамандарының кеңесін қамтитын «Маман кеңесі», қыздарымызбен сыр шертер, құпия бөлісуді көздейтін «Өмірлік бағдар» және білгенімен бөлісуді мақсат тұтатын «Білгенге маржан» бөлімдері.
Аталған жиында алғашқы сөз кезегінде ұлағатты ұстаз, «Диана» жекеменшік балабақшасының директоры Болатбаева Марал Аманқосқызы қыздар тәрбиесінде қоғамның рөлін айшықтап, маңыздылығын ескертсе, 5 баланың анасы, №2 Жаңаөзен қалалық емханасы директорының орынбасары Аминова Қымбат Аминқызы өз кезегінде бүгінгі күні қоғамның трагедиясына айналған «ерте жүктілік» мәселесін сөз етті. Отырыстың екінші бөлімі «Кербез» онлайн клубының жетекшілері бастамасымен өткізілген семинарға ұласты. Атап айтсақ, «Кербез» онлайн клубының құрылтайшы директоры, өнертанушы Кемелхан Ақмарал Әлмембетқызы «Нәзік миссия» тақырыбында сөз етсе, психолог, сарапшы маман Бекиева Лаура Әзірбайқызы «Әйел энергиясы – әлемді құтқарушы күш» тақырыбын кеңінен ашып берді және экономист, кәсіпкер,"Кербез" онлайн клубының даму жөнінде директоры Марқабаева Эльмира Нұрадинқызы «Ішкі «мен» сыбырлайды» тақырыбында әңгіме өрбітті.
Қыздар конгресінің «Білген маржан» бөлімінде Түпқараған аудандық келіндер сайысының жеңімпазы, әлеуметтік желі белсенді қолданушысы Лепесбаева Мадина Іргебайқызы өзінің келіндік өмірі мен құпияларын жиын қатысушыларымен бөлісті.
«Бұл жоба менің інілік қамқорлығым мен ағалық назымнан туындаған жоба. Мен бұл жоба арқылы қаракөз қарындастарымның арасындағы мәселелерді талқылауды көздейтін ашық, еркін пікір алаңын ұйымдастыруды көздеймін. Оларға өмірлік және кәсіптік бағыт – беру арқылы болашақтарының жарқын болуына септігімді тигізгім келеді. Бұл жобаның Жаңаөзен қаласында өтуіне себепкер болған «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесіне алғыс білдіремін» - деп жиын соңында сөз алған "Қыз жолы" жобасының авторы, «Бекен» жас көшбасшылар достастығының директоры Мұқаш Бекенұлы ағынан жарылды.
300 – ге жуық Жаңаөзен қаласының студент қыздары бас қосқан шара соңында, қатысушылар келген қонақтарға көкейінде сұрақтарын қойып, мардымды жауап алды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.
"Қоғамдық келісім" мемлекеттік мекемесі мен "Бекен" жас көшбасшылар достастығы бірлесе ұйымдастырған игі шара - қатысушылар жас келіннің келіндік өмірі, келін мен ене арасындағы қарым - қатынастың қыр - сырын үйренді, сонымен қатар, білікті медицина және білім мамандарынан маңызды мәлімет алуға, сарапшы - психологтардан кеңес алуға мүмкіндік алды.
Аталған шараға қолдау білдірген - "Патриоттық бастама" қоғамдық қорына, Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығына, "Qazaq design" полиграфиясына, "Кербез" онлайн клубына, ақпараттық демеуші - "Тумба.kz" газетіне, "Жаңаөзен" телеарнасына алғыс білдіреміз.
Қатысушылар үшін ойлы әңгіме, келелі кеңес айтылған, санаға серпіліс әкелер, тағылымы мол һәм берері көп жиын болды деп сенеміз.