Бұл дегенің сұмдық қой!

Бұл дегенің  сұмдық қой! Қазақ елінен жалға алынған «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан Байқоныр қаласындаға мектептерде қазақ балаларына орыс тілі, Ресей тарихы секілді пәндер қоса оқытылады екен. Міне масқара, сонда орыстар ғарыш айлағымызға қоса келешек ұрпағымыз саналатын балдырғандарымызды да жалға алғаныма ма?

Онсызда жетпіс жыл орыстың жетегінде жүрдік, сол үшін де қазақ тілін елімізде дамыту әлі қиын болып жатыр деген сылтауды дайындағандар бұл мәселеге қалай қарап отыр екен. Еңсесі енді көтеріліп, азат ел болып тіл мәселесіне алаңдай бастағанымызда қазақ мектептерінде орыс тарихын оқыту дегеніміз тағы несі?

Қазақ мектебі бола тұра, қазақ тілін өте тұра өз ана тілінде сөйлеген сөзінің тең жартысын «қ», «ң»сыз айтатын жастарымыз одан соң таза қазақша қалай сөйлер екен? 

Қоғамдық орындарда көп ұшыратамыз, өзіміздің өрімдей жастарымыз дерлік орыс тіліне емеуіреніп тұрады. Сырт көзге тез байқалады, осылай сөйлегені оның дәрежесін көтеретін секілді. Кейбір жастарымыз жетік білмейтіндігі көрініп тұрса да, орыс тілінде сөйлеуге әрекет етіп жатады.

Танымал ақынымыз Қадыр Мырзалиев «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген жыр жолдарында ана тіліне деген орасан ілтипат сезіледі. Бұл сезім өлеңді оқыған әр адамның бойына жылы шуақтай тарайтыны сөзсіз. Біреулердің кеудесінде ана тіліне деген мақтаныш сезімі кернесе, екінші біреулер осынау ақынға қуат, жырға арқау болып тұрған ана тілінде дұрыс сөйлей алмайтыны үшін ұялмайды да.

Қазіргі күнде орыс тілді бауырларымыздың жанұясында тәрбиеленіп жатқан балалар келешекте  қай тілді жетік меңгеріп шығады екен?

1986 жылғы желтоқсан бұрқасынында әбден орыс болып біткен қазақ қыздарының өзі орыс генерралдарының погонына жармасып, өздерінің ана тілін білмейтіндігін оларға кінәрат етіп тағып, бетіне басқанын білеміз, олар ана тілі үшін де күресті. Сонда біздің бейбіт күндегі мына тірлігіміз не? «Байқоңыр»ға қоса өз тілімізді де жартылай жалға бергеніміз бе?

Реті келгенде айта кететін тағы бір мәселе, қазақ интернетін дамытамыз деп жапа тармағай әлеуметтік желі беттерінде қазақ тіліндегі «парақшаларда» кейбір жастарымыз тәрепінен екі тілде араластыра жазуы. Егер өз тіліміздің, қазақ интернетінің дамуына үлес қосамыз десек, ең болмаса жазған уақыттарыңызда «орыс тілін» қоя тұрыңыздаршы? Кейбір блогтарда кездесетін мама, папа, вообщем, ваше (блогтарды қарап шықсаңыз толып жатыр) секілді сөздерді пайдаланбауға әрекет етейік. Біз өзіміз қазақ тілін қорлаушылар қатарында болсақ сырттан келген ешкімнің ана тіліміздің маңдайынан сипай қоймасы анық.

 



Бөлісу: