Туған жердің аспаны жарқыраған,
Құшарлана жұттым-ау бал тұмадан.
Сулар анау биіктен сарқыраған,
Адам бар ма мұндай да балқымаған?!
Туған жердің таулары,ормандары,
Жаратылыс жап-жасыл, қорған бәрі,
Кіндік кескен жеріме аунап тұрып,
Сезіндім-ау жанымның жонданғанын.
Сені көрсем кеңиді көкірегім,
Жүрегімде өшпейтін отым едің.
Өзегіме сен сепкен тұқымыңды,
Сағыныштың суымен өсіремін.
Елге деген махаббат, жерге деген
Сезім барма мұндайда селдемеген?!
Қырға шығып, өзімді еркін ұстап,
Сырластым-ау Сатының тау бөктерімен
Мен осы мақтанышпен сипаттаған нұрлы мекенде туып-өстім. Дәлірек айтқанда, Алматы облысы, жастайынан жауға тиіп, күркіреген үнімен дұшпанын күңіренткен Райымбек батыр ауданына қарасты, Саты ауылында. Көне атауы – Таушелек.
Таушелек – жер жәнаты. Біздің өңір көз тартар сұлу табиғатымен, таза ауасы, дертке шипа қымыз-шұбаты, жаны жайсаң адамдары мен қазақы салт-дәстүр, санасымен ерекше.
Бізде теңіз деңгейінен 1800-3500 метр жоғарыда өсетін өсімдіктер мен жануарлар, керемет өзендер мен көлдер, қырлы ландшафттар кездеседі. Әлі де болса, адам аяғы баспаған, шаруашылық тіршілігі жүргізілмеген ерекше табиғи орта кездеседі. Олардың ішінде аса құнды табиғи көрнекілігімен тартатын Қайыңды, Көлсай, Күрметі, Талды, Құдырғы, Кіші өрікті, Үлкен өрікті, т.б. барлығы үлкенді-кішілі 20-дай өзен бар, олар Солтүстік Тянь-Шань тауының Күнгей Алатау сілемдеріндегі Шелек өзеніне құяды. «Солтүстік Тянь-Шань маржандары» атанған Күнгей Алатауы қойнауында Көлсай, Қайыңды көлдері орналасқан.
Ауылымызда балабақша, 11 жылдық орта мектеп, тойхана, «Таушелек» мешіті, мәдениет үйі, «Саты» емханасы, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар.
«Көлсай көлдері» ұлттық паркі шалғайда орналасқан әсем табиғатымызды, ормандарымызды болашақ ұрпаққа сақтап қалу мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы №88 қаулысымен құрылған.
704 өсімдік түрі кездеседі.Ұлттық парк аумағында бүгінгі күнге анықталған дәрілік өсімдіктердің 47 түрі кездеседі және халықтық медицинада кеңінен қолданылады. «Көлсай көлдері» ұлттық паркі жануарлар дүниесіне бай, мұнда сүтқоректілердің – 50 түрі, құстардың – 197 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 2 түрі – өрнекті қарашұбар жылан, кәдімгі қалқантұмсық жылан және қос мекенділердің 2 түрі – жасыл құрбақа, сүйіртұмсық бақа кездеседі.
Тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғат байлықтарынан да кенде емеспіз:
«Таңбалы тас» сайы Жалаңаш-Саты жолынан 1 шақырым қашықтықта жерде орналасқан.Шелек өзені мен Қайыңды өзенінің қосылған жерінде, сол жақ жағалауында «Ашыл тоғай» деген жерде, тастарда тау текелерді атып тұрған аңшыларды бейнелеген көне таңбалар бар тастар бар. Қарасай және Қасқасу сайларының қосылған жерінен 500 метр жерде, Қарасай өзенінің оң жақ жағалауында «Әденнің үйі» деген ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында ағаштан салынған қазақ болысының үйі сақталған. Саты ауылы мен Күрметі ауылдарының аралығында 5 шақырым жерде «Көне қала – Барысхан қала» деген жер орналасқан.
Аядай ауылымыздың өзінен ғана қандай тамаша тұлғалар шыққан:
Сатыдан шыққан генералдар:
1. Василий Рысбаев, генерал-майор, «Шығыс» әскери қолбасшылығының қолбасшысы
2. Сәбит Құрманәлиев, генерал-майор, Алматы облыстық ҰҚҚ департаментінің төрағасы
Сатыдан шыққан журналистер:
Ерлан Бағаев,Шолпан Жұмаділова,Ербол Азанбек,Олжас Сыдықбеков атты аға-апаларым болса, ақындармыз: Саты-жайлау, Саты-нұр, Саты-көктем,
Саты деген керемет аты неткен?!
Мен анамнан туғам жоқ ақын болып,
Қасиетті туған жер ақын еткен,- деп жырлап өткен.
Әрине, бізде шешімін таппаған өзекті мәселелер де баршылық.Осындай табиғаты сұлу өңірде еліміздің келешегі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар қаншама?! Алайда, олардың бүгінгі таңда көріп отырған қиындықтары да аз емес. Таулы өңір көркем болғанымен, жол қатынасын дамытуда өзіндік проблемалары да бар екені даусыз. Біріншіден, көлік инфоқұрылымының жағдайын атап өткім келеді. Басқа жол түгілі, аудан орталығынан ең шалғай орналасқан Жалаңаш-Саты-Күрметі-Көлсайға алып баратын республикалық маңызы бар автокөлік жолының жағдайы да сын көтермейді. Аталған жол 1980 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Жол азабы халықтың жанына қатты батып отыр. Бұл аймақта орналасқан 9 елді мекеннің тұрғындары аудан орталығына – 3-4 тіпті 5 сағат, Алматыға - 7 сағат жол жүреді. Ойылған жолдар жүйкесін жеген автокөлік иелері жұмсақ жерлерді қуалап жүріп, бос жатқан мыңдаған жайылымдарды таптап, жасыл жайлаулардың берекесін қашырып, мал санының артуына кедергі келтіруде. Сонымен қатар аталған автокөлік жолының және бір аса маңыздылығын айтқанымыз жөн. Сол жол табиғи мол байлығының арқасында Қазақстанның інжумаржаны атанған Көлсай көліне алып барады.. Жол қатынасы жақсарса, бұл аймаққа саяхаттап келіп демалушылар саны әлдеқайда көбейіп, туризмнің дамуынан облыс, аудан бюджетіне қыруар пайда түсері даусыз.
Сонымен қатар,Райымбек ауданында тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында таза мал өнімдерін өндіруге жол ашу керек. Бұл өңірде жылқы, сиыр малын көптеп өсіруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар арқар миреносты қойлар да осы жердің табиғатына жақсы бейімделген. Мал өнімдерін, яғни, еті мен сүтін, жүні мен терісін іске асыратын шағын өндіріс орындарын ашу жөнінде нақты жобалар жүзеге асырылса деймін. Ол үшін Үкіметтік деңгейде мәселе көтерілуі қажет деп білемін.
Әлемде тек қана туризмнің қаражатымен байып отырған елдер аз емес. Алматы өңірінің тұма табиғатын сақтап, туризмді жедел қарқынмен жүйелі түрде дамытар болсақ, жер жанаты – Жетісу талайды тамсандырар аймақ болатынына мен кәміл сенемін.
Туған ел бауыр туысым ..
Ауылда қалған тұрмысым...
Балалық шағымның бал күндері өткен киелі мекенім - әрдайым мені өзге алдында еңсемді тік ұстауға, мақтанышпен жүруге, өзіне деген махаббатымды шексіз бақытпен айтып жүруге жетелейді.
Туған жердің жұпардай иістері
Қандай әсем қырлардың түйіскені,
Дем беріп тұрады ғой ылғи маған,
Сатының ауасы мен иіс,лебі
Еех, өзіңе деген махаббатым шектелмейді, сағынышым толастамайды Таушелегім!