"Бұл – Алматы, "детка..."

Досым екеуміз үйдің артында көзден тасалау жерде көліктің ішінде отырғанбыз. Бір кезде дәл алдымызға зу етіп қара түсті көлік тоқтады. Көлік ішінен еңгезердей екі еркек тез-тез түсіп, біреуі көліктің алдына кетті. Екіншісі артынан көліктің жүксалғышын ашты. Сосын көз ілеспес шапшаң қимылмен көліктің нөмірін ағытты. Нөмірін ағытып болған соң, жүксалғыштан жаңа нөмір алып шығып, соны тағып алды. Ал алдыңғы жаққа кеткен еркек көліктің алдындағы нөмірін ауыстырып болған соң, екеуі жан-жақтарына барлай қарады. 

Досым олар көліктің нөмірін ағытып жатқанда-ақ бәсең дауыспен "Отырған орныңнан қозғалма, қыбыр етпе" деп ескерткен. Олар жан-жақтарына барлай қараған кезде қорыққанымнан жүрегім аттай тулап, бүкіл өмірім көз алдымнан өте шыққаны бар емес пе?

Дәл қазір біреуі шүріппесін қалтасына шығарып, біз жаққа көздеп басып қалатындай боп тұрды. Басқаны несі. Біздің көліктің жарығы өшіп тұрған соң, оның ішінде адам отыр ғой деп кім ойласын? Әй, менің де қара ойым... 

"Менің атым– Қожада" Сұлтан Қожаға айтатын еді ғой: "Адам өлтіру оңай дейсің бе?" деп. Дәл қазіргі заманда біреуді өлтіре салу турникке тартылғаннан оңай болып кеткен сияқты.

...Сондағысы 2-3 секундтай тұрған шығар. "Батырға да жан керек" демекші, еңгезердей екеу ебедейсіз қимылдап, тез-тез көліктеріне отырды да, құйғытып, тайып тұрды.  

Уф... Мен әйтеуір ың-жыңсыз аман екеніме мәзбін. "Әлгі сүліктей қара көлік кімнің тағдырын талқандап келе жатыр екен?" деген сұрақ көкейіме келсе болды, ол қуанышым су сепкендей басыла қалады. Бұл тасбауыр қала дәл қазір қанша адамның тағдырын шешіп жатыр екен? Жеті түн жасырады-ау бәрін.

"Бұл – Алматы, "детка..."

"Уиу-уиу-уиу". Терезе тұсынан түнгі сақшылар ағызып өте шықты. Олар да мүмкін дәл бағанағы біз көрген көлікті іздеп жүрген шығар? Куәгердің көп қабатты үйлердің бірінде ноутбукқа телміріп, блог жазып отырғанын білмейді де ғой олар. Куәгердің түрін. Көліктің түсінен басқа ештеңесін жаттап, есте сақтап үлгермеген "куәгер".

Ұйқы қашты...

Сурет: myfoto.kz



Бөлісу: