Бүгіннен бастайық...
блог
"Сұлулық – әлемді құтқарады"
Ф.Достоевский
Сұлулыққа сүйсінбейтін, әсем дүниеге сұқтанбайтын жан жоқ шығар, сірә. Кім-кімді алсаңыз да әдемілікті сүйеді, көркемдікті қалайды, үйлесімділікке ұмтылады. Себебі, адамзат қауымының талғамы күн санап артып, жыл санап биіктеп келеді. Журналистер қауымы үшінде бұл ұғымның маңызы үлкен. Журналисті халықтың айнасы, елдің мақтанышы деп жатамыз. Қазіргі заманда телеарна мен интернет-видеоларға қарап, өсіп келе жатқан ұрпақ бой түзейді, солардай болуға талпынады. Олай болса, неге әдемі сөйлеп, әдемі киініп, әдемі үлгі көрсетуге ұмтылмасқа? Кейде телернадағы жаңалықтарды көріп отырып қарным ашады. Эфирге шыққан тілшінің қалай болса солай киініп, сұрықсыз болған бейнесін талай көрдім. Осыдан соң журналистердің орынын әншілер мен әртістер басып кетті деп кімге өкпе айтамыз? Тіпті теледидарды көре бастағанда ең алдымен арнаның түс үйлесіміне назар аударамыз, бағдарламалар болып жатса студияның әрлеуіне көңіл бөлеміз, сосын жүргізушінің киім-киісі мен дауыс ырғағына, сөйлеу мәдениетіне мән береміз, содан кейін ғана тақырыпқа көңіл бөле бастаймыз. Міне, бұл да ең бірінші жарасымдылыққа мән беретіндігімізді көрсетеді. Немесе шаштаразға бардыңыз делік, бірінші көзіңізге не түседі? Жан-жағыңыздағы тазалық пен заттардың қалай, қайда орналасқандығы және әдеттегідей сол ғимараттың дизайны. Одан соң шаштаразшының шашына бір шолу жасап өтесіз. Оның шаш үйлесімі көңіліңізден шықпаса, ол кісіге шашыңызды қидырғыңыз келмейді. Өйткені, «ол өз шашына көңіл бөлмесе, менің шашымды қайбір оңдырады дейсің?» деген ойға келесіз. Барлық адам сіз сияқты ойлайды. Бірінші көргенде сіздің сыртқы бейнеңізге қарап баға береді, сөйлеу мәнеріңізге қарап қызмет көрсетеді. «Нет не красивых людей, есть просто те, кто не следит за собой» демеуші ма еді сұлулықтың символына айналған Мэрлин Манро. Мен сіздің Алла берген сүп-сүйкімді бет-әлпетіңізге сын айтудан аулақпын, адамның бәрі де сұлу, бәрі де әдемі. Тек сол сұлулықты көрсете білу керек, көрсетуге тырысу керек. Қымбат киіну ешкімге де міндет емес, бірақ жарасымды киініңіз. Киіміңізбен қатар сөзіңіз де сұлу болса қандай керемет? Қолдан келсе, орынды сөйлеңіз, әдемі сөйлеңіз, сенімді сөйлеңіз. Сөзіңізбен қатар жүрегіңіз таза болса, ниетіңіз адал болса нұр үстіне нұр емес пе? Міне, бұл нағыз әлемді құтқаратын сұлулық. Иә, алдымен сұлулықты жан дүниемізден бастайық, бұл бірінші мәселе. Содан соң сыртқы сұлулығымызбен үйлестірсек, дүние жаңарып, барлық әлем сұлуланғандай болмай ма? Қазіргі таңда шырайлы келбетіне көңіл бөлетіндер саны артып келеді. Өйткені заман талабы солай. Жұмысқа қабылдар кезде де бет-бейнеңізге көңіл бөлетіні ақиқат. Алайда жан әлемін жақсартуға талпынып жатқандар қаншалықты? Ойланыңызшы, ішкі әлеміңізге күніне қанша рет көңіл бөлесіз? Бүгін қандай ізгілікті іс тындырдым? Кімге көмек қолын создым? Қандай білмейтін дүниемді үйрендім? Қандай кітап оқып, ол кітаптан не түйдім? Тағысын тағы... Осындай сұрақтар сізді мазалай ма? Тіпті қоғамдық көлікте орын беруге қиналатындар көп. Біле білсеңіз, бұл да жақсылықтың кішігірім бастауы. Біреуге жақсылық көрсету үшін сіздің бай болуыңыз шарт емес.
Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесінде Шұғаны: «Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін...» деп сипаттайды. Осыдан-ақ көркем мінез бен келісті көрікті ұштастырудың маңызын біле беріңіз.
Заман өзгереді, бірақ сұлулық қалуға тиіс. Онсыз адамның өмір сүруі де қиындай түседі. Себебі, сұлулық –мейіріділіктің, имандылықтың, ақыл мен парасаттың символы іспеттес.
Жүздерінен мейірім төгіліп, жақсылық жасауға құмартып, көмек қолын созуға ұмтылып тұратын жандар мен үшін осы әлемге нұр шашар жап-жарық жұлдыздар сияқты. Жүзің жылы болғанға не жетсін, шіркін?! Сіздің де сол жұлдыздардың бірі болуға мүмкіндігіңіз мол. Тек өзіңіз талпыныс жасасаңыз болғаны.