Бүгінге керек салт-дәстүр

Бүгінге керек салт-дәстүр
жеке
блог

Әрбір ұлттың өзін-өзі ерекшелеп, ұлттық қасиетін көрсететін байлығы ол дәстүрі болмақ. Қазақ халқы тіл мен жерге қаншалықты бай болса, дәстүрі де соған лайық дамыған. Халқымыз құндылықтары мен қасиетін ерекшелеп көрсететін әдеп-ғұрпымызды ерекше сақтанған. Солардың ішінде "асар" яки "үме", "жылу жәрдем" деп аталатын салттарымызға тоқтала кетейік.

"Асар" қазақ арасында еретеден келе жатқан салттардың бірі. Бұл салт бойынша көпшілік күш біріктіріп, бір -бірінің жұмысына қолқабыс көрсетеді. Қауырт күш жұмсауды талап ететін жұмыс кезінде яғни, қой қырқу, қой тоғыту, жүн сабап, киіз басу, үй көтеру, жылқы күзеп, тай таңбалау, бие байлау, соғым сою, егін ору және жинау, үй жай, той жасау, ас беру, өлім ұзату және т.б. істерде ауылдастар мен руластар бірге жиылып, бұл істерді істеп келеді. Үй иесі осы көмекке келіп, көмек көрсеткен адамдарды тамақпен сыйлайды, асар салғанда көбінесе мал сойылады, бірақ қолқабыс істеушілер өз еңбегіне ақша алмайды. Бұл халық арасындағы өзара көмектің бір түрі, яғни еруге-қару жолмен алма-кезек болып отырады. Бұл "асарға" ат салыспаған адам өз басына іс түскенде басқалардың көмегінен құр қалады. "Асарды" батыс қазақтары "үме" деп те атайды.

"Жылу жәрдем" қазақ арасындағы өзара көмектің осы бір түрі тым ерте кездегі рулық қауым құрылысынан келе жатқан әдет-ғұрыптарға жатады. Бұл әдет-ғұрып бойынша, табиғи апатқа, жұтқа, өртке, селге т.б. дүлей күш кесіріне кенеттен кездесіп, мал-мүлкінен, баспанасынан айырылып, күн көрісі қиынға соққан адам өзінің туыстары мен руластарынан жылу-жәрдем сұрайды. Бұған ағайын туыстары мен руластары түгел көмектесіп," жылу-жәрдем" жинап береді, одан ешкім де бас тартпайды. Бұл "жұртшылық жәрдемі" деп аталады. Қазақтың байырғы салты бойынша, мүлде панасыз қалған жетім-жесірлерді және қарайтын адамы жоқ, қарттар мен мүгедектерге ағайын туғандары яки руластары асырап,  бағып-қағуға міндетті болған. Халық арасы ішінде мұндай көмектің өмір сүруі қазақ қоғамында қайыршылардың болмауына игі әсер етіп отырды.

Бұлар қазіргі таңда өте керек дәстүрлер болып табылады. Қазақ халқының бірігіп жұмыс істеп, бір-біріне көмек беру халық арасындағы жақындықты нығайтады. Мысалы той жасау, несие сияқты қаржы талап ететін жағдайларды бірігіп шешсе үлкен көмек болар еді. Қарттар үйі мен қайыршылар да аз болар ма еді. Қазақтың әрбәр салт-дәстүрі өте ерекше өзіндік мәні бар. Әрбір жағдайды ауызбіршілікпен шеше білген.