"Бүгінгі ұрпақ - ертеңгі болашақ"
блог
Барлық бала алға ұмтылады, көрсем – білсем дейді. Ата – ана тәрбиесін бойына сіңіріп, жаңа өмірге ене бастайды. Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап, таудай болып шыққан біз де жүрегіміз алып-ұшып, алдағы өмірден үлкен үміт күттік. Ақыры арман қуып шар – тарапқа аттандық. Мен де тек теледидардан көріп жүрген әсем қалаға келдім. Бұл – Алматы. Асқар тауларға таңданып, керіліп жатқан Алатау өзінше алып тұлға. Қала көшелері жүйткіген техникаға толы. Жүрегім атша тулап көзіме түскеннің барлығын есіме сақтауға тырыстым. Ал, ҚазҰУ ше? Аспанмен таласқан биік, зәулім сарайды көргенде көзім тұманданып, өзімді қоярға жер таппадым.
Сөйтіп 2015 жылдың қыркүйек айында Алматыдағы маңдай алды қара шаңырақ ҚазҰУ-дың түлегі атандым. Білім мен тәрбиені алтын ұя – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетінен алдым. 2015 – 2019 жылдары Шетел тілі: екі шетел тілі мамандығының бакалавриат дәрежесін алып, қазіргі таңда қара шаңырақ ҚазҰУ-дың I - курс магистрантымын. Осындай білім ордасынан білім нәрімен сусындап жатқанымды мақтан тұтамын. Бізді мамандығымызды меңгеруге талпындырған, бет-бейнеміздің қалыптасуына қамқорлық жасаған ұстаздарымыздың еңбегі ұшан – теңіз. Осындай ұлтымыздың мақтанышына айналған оқу орнынан білім алғанымды үлкен бақыт санаймын.
Әрбір жан бақытты білімнен іздеу қажет деп ойлаймын. Білімнен парасат туындайтыны өмірде дәлелденген. Қай кезде де білімді адам парасат пен талапты қатар ұстайды. Бала бойына ата –анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар – ұят, ұлттық сана – сезімді сіңдіруші ол – МҰҒАЛІМ. Мен де осы ұлы жолды таңдадым.
Университеттің жылдан-жылға көркеюінің бірден – бір себепшісі ұстаздарымыз болса, одан кейінгі кезекте университетте қарқынды жүргізілетін мәдени іс-шаралар екені мәлім. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттердің Рухани жаңғыру құндылықтары негізінде азаматтық жауапкершіліктің жаңа әлеуметтік тәжірибелерімен жаңаруға ішкі ұмтылысын қалыптастыру мақсатында тәрбиелік инновациялық жобалар іске асырылуда. Атап айтар болсақ, «Жемқорлықтан тыс университет», «Айналаңды нұрландыр!», «100 кітап», «Салауатты дене мәдениеті», «ҚазҰУ – GREEN CAMPUS» жобалары.
Интеллектуалдық – шығармашылық әлеуетті ынталандыру мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Мен жастарға сенемін!» республикалық париоттық форум ұйымдастырылды. ҚазҰУ, сондай – ақ ең алғашқылардың бірі болып ағымдағы заман талабына бейімделген және болашақ трендтерді зерттейтін икемді білім беру бағдарламаларын енгізді. Білім беру үрдісіне «E-коммерция» , «Сандық лингвистика», «Big data», «Жасанды интеллект» сияқты жаңа оқу бағдарламалары қосылды. ҚазҰУ – нақты өндіріс, ғылым және білім саласы арасындағы тәжірибе мен инновациялардың өзара трансферті орталығына айналуда.
ҚазҰУ білім берудің барлық сатыларында ағылшын тілінен кеңінен оқытуды алғашқы болып бастап, бүгінгі таңда университетте мамандықтардың 70% -нан көбі ағылшын тілінде оқытылуда. 2018-2019 оқу жылында 165 мамандықта ағылшын тілінде оқыту топтары ашылды. Қара шаңырақ ҚазҰУ-да еліміз бойынша ең көп шетелдік студенттер білім алуда.
Бүгінгі жалынды жастар еліміздің жаңару үрдістеріне белсене қатысып келеді. Олар – келешектің кілтін өз қолына алатын еліміздің ертеңі. Жастар – заманауи мемлекетіміздің негізгі тірегі. Қазақстанның келешектегі арайлы таңының пердесін тек осындай белсенді жастар ғана аша алады. 2019 жыл – «Жастар жылы» болып жариялануының сыры да осы.
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы
Шетел тілі: екі шетел тілі мамандығының
I-курс магистранты Абытова Қ.С
Таусоғарова А.Қ
ф.ғ.к., доцент