Менің ойымша көптеген адамдар мәңгі өмір сүремін деп ойлайды. Алайда, шындыққа келетін болсақ біз болашақта, ертеңгі күні бізді не күтіп тұрғанын, не болатынын білмейміз ғой. Күнделікті қарбалас өмірде адасып қалғандаймыз. Ана жұмысты бітіру керек, мынаны істеу керек деген оймен ғана өмір сүреміз. Бәлкім, барлығы емес шығар, бірақ көпшілігі дәл қазір сондай жағдайда. Әрине, ондай ұмтылыс керек емес демеймін, болашақта бәрі жақсы болатынына тырысу деген талпыныс өте жақсы дүние. Мен одан да маңызды нәрселер туралы айтқым келеді, біз сонда өзіміздің болашағымызды ғана ойлап, бүгінгі күннен айырылып қалмаймыз ба? Мұның басты себебі, біз әр күндегі ерекше нәрселерді назарымызға алуды тоқтатқандаймыз. Олардың ең маңыздылары: таңертең оянып Күннің атқанын көру, өзіңе деген жақын адамдардың қасында болу, күле алу, сезіне білу және бізді қоршаған әсем де сұлу табиғатты көру. Кейбір адамдар осындай нәрселерді бір күн болсын көруге барлығын істеуге дайын. Біздің өміріміз қамшының сабындай қысқа, сондықтан, бүгінгі күнмен өмір сүріңіздер, қасыңыздағы адамдарға жылы сөздер айтыңыздар, әр күндегі қарапайым нәрселерді бағалай біліңіздер, себебі бүгінгі күнді ешқашан қайтара алмаймыз.
Сіздің ойыңыз қандай, менімен келісесіз бе?