Бүгінгі күнім

Бүгінгі күнім
жеке
блог

Бүгінгі күнімді жазбасам бастағы ой ренжіп қалар. Өзі туғаннан бері өзімнің кім екенімді қақпай қағып көрмеген бәлем қалмады, шыны керек. Қайсы біріне барсам да қақтың деп жылап  жіберетін. Кей күндері рас қақпай қаламын. Қақпағаным қаға беретін барабан емеспін.  

Қаққанда бүгін көп нәрсені қағып қалдым. Бірінші рет өзімді түсінетін адамдарды тапқандай болдым. Өмірімде бірінші рет ішімдегі ойымды қағазға емес, тыңдар құлаққа айттым. Бұл рахат сезім екен. Енді нағашы атам, ұстазым сөзге шешен молда болғандықтан болар, бала кезден сөз сөйлеп, тос айтып үйренгенмін, бірақ, бүгін тос айта алмадым. Әйтпесе, тос айтатын майдан еді бұл. Бірақ, мен ішімдегі бар сырымды айтып тастаған өзімше бір «ерекше» болдым.

Бұл іс дұрыс па, бұрыс па өзімде түсінбеймін. Жоғарыдан келген бұйрық солай болды ма? Ал, қазір бойымды бір қуанышпен қоса ұялу билеп тұр. Бұрында алдыға шаптырып сөйлей беретінмін. Ел тыңдамайды емес, тыңдайды. Нағында ол сөздер мен айтатын сөздер емес-тін.

Жиырма үш жыл өмірімде бүгін бірінші рет өз тілім мен жүрек және сананы байланыстырған «мен» болдым. Бұның алдында тек қол мен жүрек байланысты болғандай жазғаным бір бөлек, айтқаным бір бөлек. Ал мына басталып жатқан жаңа өмірімде жазғаным да, айтқаным да, істегенім де бір арнада тоғысу үстінде.

Бұрын мені емес, жазғанымды сыйлайтын. Мені емес, айтқанымды сыйлайтын. Бұл күндер басқа, барымды,жаратылысымды сыйлайтын болды. Халық, барша тыңдар құлақ мені түсінетін, сөзіме ойланатын дәрежеге жеттім шамасы. Қаншама жылдар ізденгенім, тапқаным, оқығаным, түйгенім жемісін бере бастағандай. Рас, әр нәрсеге уақыт куәгер, уақыт емші. Бүгінгі күн, бүгінгі өмірім осының бәрін бір тылсым сәтте миыма құйып берді.

Әрқандай еңбектің, талаптың, күрестің өз жемісін берер күні бар екен. Тек күте білуді ұмытамыз. Күтіп, шыдау жеңуден де үлкен қасиет. Одан үлкені тынымсыз еңбек пен өзіңе деген үлкен сенім. Өзгенің сенімінен көрі өзіңнің өзіңе деген сезімің өзіңді өңдіретін суың. Анау қолдамады, мынау қолдамады деген бұрышта отырған жылауық баланың сөзі болса қажет.

Бұл күндерде өз ішіме кіріп қиналатын сәттерім бар. Өткен күндерге қарағанда қойылар сұрақ өзгеріске ұшырады. Өткендегі сұрақтардың тізімі: Мен немін? Не істеп жүрмін? Неге? Ми не үшін? Неге мен өзгеден өзгемін... бұл сұрақтардың тоқтары жоқ. Ал қазір:  Алдыға. Тек қана күлуді, кеңдікті, адам болуды, адамдықты сақтауды ұмытпа. Құлшыныс үшін мидан тәнге берілетін бұйрыққа айналды. Ал жүрек бұрынғыдай өзі үшін емес, өзге үшін жылайтын күйге жеткендей. Басқасы емес, адамды қалай құрметтесең, тыңдай білсең, өмірің сол берген ықыласыңа қарай өніп өседі. Ал елді жек көрсең, әлем сені жек көреді.

Бір сезім дұрыс екен. Ол жаман нәрсеге ерегесу. Жаманнан жақсыны тудыру мақсатында ерегесу қажет. Ренішпен ерегессең сенсіз де дүние тоқтамастан жүре береді, ал сен тіршілік тығынына мәңгілік тірелесің. Алдыңнан құлаған үй немесе қоршаулы қорған тұрса оны айналып немесе таптап өтудің түкке де пайдасы жоқ. Құлаған нәрсені тұрғызып, қорғанды қамалға айналдырып сол кедергіден өзіңізге беріліп тұрған сыйыңызды алсаңыз сіз жеңімпазсыз.

Үлкен дастарқанның үстіндегі ақселеу басқан қариялардың сөзінен, білдірген лебіздерінен осыны қорыттым. Бұл күннің өзінде кемшілігім басып жетіледі. Болашаққа деген талап осылардың бәрінен біртіндеп құтылу. Адам баласы күннен күнге жаңалық іздеп өзін өзі дамытпаса қиын. Менде өзімді барынша дамытып келемін, дамыған сайын өзімнің түкте білмейтінімді, әлі де пәс екенімді толық ұғынамын.

Күннен күнге жаңа жазушылармен танысамын. Әдебиеттері туралы ізденіп түйсініп өзімше қортындымды шимақтап отырған күйім. Бұл жерде мен мықтыға жатпаймын, маған осы сезімді сыйлаған үлкен кісілер мықты. Мен тек сол кісілердің жүрек пен сана сүзгісінен өтіп, тілі мен ауызы арқылы сөйленіп, сыртқа дыбыс боп шыққан жүйелі сөздерінен алған әсерімді суреттеп отырмын. Қарияның аты қария... көне мектептің аты көне мектеп. Мендегі туған бір сұрақ: Қартаң кісілердің әңгімесінен алынған ләзәтті кейін біз басымызға ақ бас киім кигенде осы кісілердей ұрпағымызға бере алармыз ба?

ТӨРЕХАН Арыстан