Бүгінгі күнгі қазақ қыздарының бейнесі қандай?
блог
Бүгінгі күнгі қазақ қыздарының бейнесі қандай? Көпке топырақ шашқаным жарамас, әйтсе де қазақ қыздарының арақтың түбіндегі арбаушы жынға еріп, тарсылдаққа бұрала билеп, қалталы өзге ұлт өкілдерінің құшағында кетіп бара жатқанын көргенде, ашуға булығып, еріксіз көзіме жас үйіріледі.
«Қырық үйден тыйым» көрген, көктем шыға бүршік атқан тау гүліндей нәзіктігі мен Алтайдан аққан тау суындай мөлдір пейілі жарасқан қос бұрымды қазақ аруларының азайғаны қалай? Жоқ, олай емес, қазақ қыздарының жүректері имандылық пен ибалылыққа толы дейін десең, арзан сыйға тәнін жалаңаштап, шарапқа мастана бұралаңданып, арын аяққа таптаған қыздарының қара қылықтары оған кедергі. Алатаудың шыңын жапқан ақша қардай аппақ арлы қазақ қыздарының бейнесі осынау сорақы қылықтармен даттануына не себеп? Заманды кіналаймыз ба, әлде батыстың әсері ме? Мүмкін, бар кінә өзіміз, қазақ жігіттерінен бе? Азаматтарымыз долларға құрақталып тәнін сатқан салдақыларды баба салтымен пәктігін жарына арнаған, жаны жаздай сұлулардан артық қоймағанда, жолы түссе жылмаңдап клуб жағаламағанда, бір түндік ләззат үшін қара көз қарындастарымызды алдап-арбап арын таптамағанда мұндай қорлыққа куә болмас едік. Бар кінәны батыс пен заманға артпай, ботакөз қандас қарындастарымыздың арларын аяққа таптамай, ел тағдырын тамырсыздық індетінен қалқалайық, ағайын. Қыз намысы – ел намысы.
Сурет: toqtama.kz