Бүгінгі күн мен үшін қуаныш
блог
Бала кезімнен сиыр суартып, қора тазалатып, шөп шапқызып, құлпынай, қарақат теруге тауға бірге апарып, арасында сиыр кезек бақтырып, отын жарғызып, су тасытып... есік алдындағы барлық шаруаны үйретіп, анасынан үлбіреп туған кіп-кішкентай менен икемді етіп дәл осындай тығыршықтай, түйедей, алақандары қалақтай, қабағы қату, күші бес жігітке телір, анау-мынау ауруға бой алдырмайтын, «иммунитеті» «күшті» қызды тәрбиелеп, өсірген, әлі де тәрбиелеп, өсіріп келе жатқан қазіргі бар байлығым, алтыным, қымбаттым, асылым – Әкетайымның бүгін туған күні. Алпыстың бірінен асып, ендігі оннан астам немеренің атасы атанып отырған ардақты жанға айтар алғысым шексіз! Ол менің «Барым» ғой. «Барым» деген сөзді екі-ақ адамға айтушы ем. Шындығында, оған тек Әкемнің ғана лайықты екенін ұқтым! Әкетайым менің, Аллах бұл жалғанда біраз бірге жүруге рұқсат берді, енді тағы да бір аздаған уақыт берсе екен... Сосын, кейііііііннн, көп уақыттардан кейін Жұмақта менің Асылдарыммен кездесуді нәсіп етсе екен. Бір тілек қана ғой... Әкетайым менің, мен Сізді Жақсы Көремін!))
Айтпақшы, кеше әкеме қоңырау шалғанымда, әбден «сырластық». Бізде ондай сирек болады. Біраз сөйлессек, «ұзақ сөйлесіп қойдық қой демін, ұрсысып қалмай тұрғанда, қояйық телефонды» деп, қалжыңдайды. Әкеме қоңырау шалған сайын «екі жақтың ауа-райы қалай?» деп сұраймын. Бірі – сыртың, екіншісі – әкемнің. Кеше екі ауа-райы да жақсы болып, «сырластық». Әлі тұрмысқа шықпағанымды уайымдап жүр. «Қалып қаласың. Қашан той жасаймыз? Анау, сен жақтың құдаларын шақырса ғой, басқа құдаларыммен қосып. Шешең де бәріңді орналастырып кеткісі келгені анық... тағысын тағы..." «жаттандыға» айналғалы қашан... Кешегі айтқаны мынау еді. Бұл жолы мүлдем өзгеше айтты. Әкемнің мені түсінетінін ұқтым. «Мен айтты, басқа айтты екен деп кім болса соған тие салма. Асықпа. Бір бұйырғаны бар шығар. Барлығы айтып жатыр деп, көрінген біреуге тие салып, сосын күйеуін бағып, не болмаса үйленіп, ертең-ақ ажырасып жатқан санасыздарды, жатып ішерлерді де көріп жүрміз. Қазір ондай жігіттер көп. Соларды баққанша, бір өзің жүре бер. Бұйырғанын көрерсің, уайымдама»... деп өзі уайымдап жүрген Әкем маған уайымдама деп қояды... Бәрі жақсы болады, Әкетайым, бұйырса. Аллах қалай бұйырса, демек, солай дұрыс мен үшін...
Осы орайда ойға түскені. «Еркектер көргенді, не көргенсіз... деп қана бөлінеді - дейді жеңгем, – саған қайсысы жолыққанын өзің де білерсің». Шынымды айтсам, ренжімеңіздерші, бірақ қазақ жігіттерінен қатты көңілім қалды. Жігіт, болашақ жар ретінде. Ал, аға, іні ретінде Қазақтың жігіттерінен асқан жігіт жоқ, шындығында. Жеңгеммен ақылдасып, қазақтан басқа кез келген ұлтқа көңілімді бұрармын деп қоямын. Кім білсін. Бес саусақ бірдей емес екені тағы рас. Дегенмен де, көңілді жібіту сондай қиын... Хайыр. Аллах қалауындағы дүние ғой. Бірін айтып, біріне соғып... Айып етпеңіздер.
Сонымен, Әкеме азанда айтқан, айтар тілектерімді тізуді жөн көрмедім. Тек бүгінгі күннің мен үшін қуанышты екенін айтқым келгені. Аналар мен Әкелер аман болғай ылайым.
Н.ғ.: ...әр туған күн сайын, кімнің болса да қартайып бара жатқаны, жанымыздан жырақтап, не біздің олардан жырақтап бара жатқанымыз тағы рас... Әкеме жусаны бар, шөптері бар, нешеме түрлілері араласқан бір құшақ жауқазын сыйлағым келіп отырғанын қарашы...