Бүгінгі күн керемет, бүгінгі күн тамаша...

Сәлем Массагет! Өзгерулер құтты болсын:) 

Соңғы кездері ұйқым қанбай, өзім аса ұната бермейтін кофенің арқасында жүргендіктен, интернетке кіргенім сол жазуға да көңіл болмай, сайттарды ашып-жауып қана жүрмін) Бұл енді жаңа семестр басталуының айғағы.

Әрқашан қызығам, сабақ, жұмыс дегенде аса асықпайтын, бір қалыбын жоғалтпайтын адамдарға. Мен болсам, тапсырманы орындамайынша, берілген мақаланы жазбайынша мойнымда арқанға байланған ауыр гирь бардай сезінемін.

Алайда күн сайын 8.30 басталатын сабаққа үйден 8.15-те шығып бара жатып, өмірде ең бастысы сабақ емес, кешіксем де ақыр заман болмайтынына өз-өзімді сендіріп барамын. 

Сонымен демалыс күндеріміз өте тамаша өтті десем болады. Сенбіде Қайырымдылық Балдың кастингіне Роял Тулип қонақүйіне бардым. Достық көшесінің бойынан "мигалкалы" машиналар өткенінше 20 минуттай күтіп, оған да кешігіп бардым) Алайда бәрі де жақсы өтті. Нәтижесін алда көрерміз. 

Одан кейін айтпақшы, массагеттегі таяқшамен жеуді үйрететін постқа қызығып, мамамды сушиға тарттым) Егер мені қуантқыларыңыз келсе, сол бір тағамға тойдырсаңыз болғаны:) 

"Екпінде" де біраз қызықтар болды. Ең алғашқы фоторепортажымызды жарияладық. Ол үлкен қалаға оқу іздеп келген жас "балмұздақтар" жайлы болды. "Мәдениет" кітапханасы, Әділ Лиянның сұхбаты бар апта дайджесті де жарыққа шықты. Сонымен қатар, бүгін ғана жаңа авторымыз Русланның "Орда" тобынан алған сұхбаты жарияланды. 

Сұхбаттан кішігірім үзінді келтіре кетейік: 

3) Бір елдің емес, барлық әлемнің президенті болдыңыз делік, жер басып жүрген адамдардың қандай қылмысы үшін ең ауыр жаза белгілер едіңіз?

- Адам өлтіру қылмысы үшін қатаң бақылаудағы түрмеде қылмыскерді мәңгі бақи сүйегі шірігенше ұстау.

7)Аладдин сіздің ең жақын досыңыз делік. Екеуіңіз серуендеп жүріп, сиқырлы 
құмыраны бірге тауып алдыңыздар. Джин сіздің де 3 тілегіңізді орындауға келісті. 
Қандай тілек айтар едіңіз?

Жанармайы таусылмайтын көлік.

Сол көлікке тола алтын.

Қасымдағы Аладдинді қызға айналдырып, ары қарай серуендеу.

Иә, Русланның қызық сұрақтарына "Орда" тобы мүшелері одан да қызық жауап берді) Ал жексенбі кеші мен үшін күлкі мен әзіл-қалжың кеші болды. Өйткені ол күні біз квн командасынан сұхбат алдық) Егер сіз жабырқаулы көңіл-күйіңізді көтерудің амалын іздеп жүрсеңіз, онда міндетті түрде квнщиктердің дайындығына қатысыңыз, пресс пен жақсы көңіл-күйге кепілдік беріледі:) Сұхбатты алдағы уақытта "Екпіннен" көре алатын боласыздар. 


Жазбамды бүгін өзім үшін алғаш ашқан Күләш Ахметованың өлеңімен бітірейін. Енді кітабын қайдан тапсам болады екен?

"Сүйесің бе?" дегенде "жоқ" деп едім, 

Бала құсап бұртиып өкпеледің.


Өкпеледің, көңілің бұлыңғыр-ақ...

Сүйіп тұрғам ішімнен, күнім, бірақ.


"Сағындың ба?" дегенде "жоқ" деп едім, 

Сағың сынып қарадың, өкпеледің.


Кетті жаншып күдікті жүрегіңді ой,

Ал мен іштей сағынып тұр едім ғой!

Меніңше, керемет...:)




Бөлісу: