Екі күн бойы диплом алу шаруасымен біраз жүгірдім. ҚазҰУ қалашығының кеңдігін алғаш рет ішімнен сыбап алып, қалашықтың батысы мен шығысында, оңтүстігі мен солтүстігінде орын тепкен түрлі ғимараттардың табалдырығын тоздырып, бір жапырақ қағазға қол қойдыртып, әрең дегенде дипломның жұмысын бітірген секілдімін.
Қол қойдыру дегеннен шығады, бір ғана мөр мен қол қойдыру үшін кезекте сарсылып тұрған мен секілділер көп екен. Екі күн бойы бір-бірімізді көре-көре, көз таныстар болып кеттік )) Мен қай ғимаратқа барсам, олар да сонда жүреді, немесе керісінше ))
Қол қоятын адамдардың қай-қайсы да адамды оп-оңай жібере салса-шы... Бәлсініп, көк тіреп тұрғандай өмірде атын естіп көрмеген әлдебір анықтамалық қағаздар сұрайды. Ол қағаз ҚазҰУ қалашығының ішінде болса бір сәрі, қаланың аноооу шетіндегі бір бұрыштың түкпірінде. Ал, тауып көр ))
Негізі бұл сөздерді шаршап-шалдығып, ақ тер, көк тер болғаныма ренжіп жазып отырмын ғой. Олардыкі дұрыс. Солай емес пе? Олардың жұмыстары сол. Қағаз сұрап, қағаз беру.
Қағазстан десе, Қағазстан. "Өмірде болмасаң да, қағазда бол..."
Қағаз туралы ойларымды бір шетке ысырып қойып, ҚазҰУ-да жүріп кімді көргенімді айтайын. . اسجةقيعصتدش-ды, яки Ардақ Құлтайды кезіктіріп қалдым. Иә, дәл өзін! Ардақ дегендерің біз филфакқа сары уыз балапан боп, бірінші курсқа келіп жатқанда, факультетте жұлдыз еді)) Сырттай танитынмын. Кейін келе, блог арқылы аралас-құралас болып кеттік қой. Блогтың құдіреті осы. Бұл жақта "хан да, қара да" бірдей ))
Қазір "Шалқар" радиосын тыңдап отырмын. Ербол Азанбектің "Жастар.кз" бағдарламасын. Тікелей эфирде Anarka Must сөйлеп жатыр. Онлайн тыңдаңыздар! )